Қағаз бюллетеньмен дауыс беру арқылы сайлау қаншалық әділ өтеді? ОСК төрағасы жауап берді

Қағаз бюллетеньмен дауыс беру арқылы сайлау қаншалық әділ өтеді? ОСК төрағасы жауап берді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Әбдіров "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Қазақстанда қағаз бюллетень арқылы дауыс беру қаншалық әділ сайлауды көрсететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әбдіров елімізде сайлау әділ әрі ашық өтуі үшін қағаз бюллетеньмен қатар, электрон нұсқа да зерттеліп жатқанын айтты.

"Қазір ОСК электрондық және қашықтан дауыс беру сияқ­ты баламалы нысандар­дың артықшылықтары мен кем­шіліктерін, мәселенің қаржы­лық жағын зерттеп жатыр. ОСК-нің 30 жылдығына орай өткізілген Халықаралық ғылыми-прак­ти­калық конференцияға арнайы шақырылып, сөз берілген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сарапшысы Давид Дуэнас-Сид: "Интернет-дауыс беру жүйесі дауыс беру қорытындысына заңсыз ара­ласуға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан оны қолданбас бұрын жан-жақты жетілдіру қажет" деді. Ал Еуропаның демократиясы дамыған Ұлыбритания, Германия, Норвегия сияқты елдері электрондық дауыс беруден бас тартып, дәстүрлі қағаз бюллетеньмен дауыс беруге қайта оралды. Сондықтан біз алдағы уақытта электрондық дауыс беру мен қағаз бюллетеньді қатар қолдану мәселесін жан-жақты зерттеп-зерделеуді жал­ғас­тырамыз", - дейді ол.

Сондай-ақ, былтырғы Мә­жіліс және мәслихаттар сай­лауының қоры­тындысына сенімсіздік біл­діріп, дау-дамай тудырған кандидаттарға қатысты пікір білдірді.

"Бұл орайда елімізде 1998–2006 жылдары қолданылған аралас пропорциялық-мажори­тар­лық сайлау жүйесіне араға 17 жыл салып қайтып орал­ға­нымыз қоғамда зор саяси өрлеу туғызғанын айтпау әділдікке қиянат болар. 29 бірмандатты сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына 609 кандидат тіркелді, яғни бір депутаттық мандатқа орта есеппен 21 үміт­кер таласты. Соның ішінде 525 кандидат өзін-өзі ұсынды. Осы цифрларға қарап-ақ өткен Мәжіліс сайлауының аса тартысты болғанын бағамдауға болады. Мәслихаттар сайлауы да азаматтардың айтарлықтай белсенділігі жағдайында өтті. Өкінішке қарай, ескі мен жаңа күреске түсіп жатқан қазіргі өтпелі кезеңде болған сайлау барысында кейбір өңірде бұзушылықтарға жол берілмей қоймады. ОСК оларды бірден түзетіп қана қоймай, канди­дат­т­арға сотқа шағымдануға ке­ңес беріп отырды. "Көш жүре түзе­леді" демекші, өз стратегиямызда көрсетілгеніндей, қазір аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының тәуел­сіздігі мен кәсібилігін қам­­тамасыз етуге күш салып отыр­мыз. Бұл да - біз үшін қағи­датты мәселе", - дейді ол.

Нұрлан Әбдіров ОСК-нің эмблемасы неге өзгергенін де түсіндірді.

"Мемлекеттік елтаңба сияқ­ты мемлекеттік орган­дар­дың эмблемаларының да қазіргі заман шындығына сай рәміздік мағынасы болуға тиіс. ОСК-нің жаңа эмблемасы "Біз - бір үлкен шаңырақ астында байырғы қазақ жерінде өмір сүріп жатқан Қазақстанның бір­тұтас халқымыз, мұнда әркім өз таңдауын еркін жасайды" деген мағынаны білдіреді", - дейді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова