- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарағанды облысында тұрғын...
Қарағанды облысында тұрғын үйде газ жарылып, екі адам қаза тапқан
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылында газ баллоны жарылып, екі адам қаза тапты. Бұл туралы аудан әкімі Абылай Сұлтанғали Instagram-парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төтенше жағдай 30 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 00:07-де Әуезов көшесіндегі екі қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйде болған.
"Құрметті тұрғындар, өздеріңіз білетіндей, екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны атылды. Өкінішке қарай, екі адам қаза тапты. Қаза тапқандардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын", - деп жазды әкім.
Жарылыстан кейін екінші қабат жартылай опырылған. Аумағы анықталып жатыр. Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Төтенше жағдайды жоюға 45 адам мен 13 техника жұмылдырылған.
Фото: instagram/ablaisultangali
Жергілікті жерде жедел штаб ашылған. Зардап шеккен тұрғындарға көмек ұсынылып, уақытша орналастырылды. Үйінді астынан алты адам шығарылып, Ботақара ауылының Орталық ауруханасына жатқызылған.
"Біз қазір оқиғаны реттеу үшін барлық қажет шараны қабылдап жатырмыз. Жағдай облыс әкімінің бақылауында. Қарағанды облысының ТЖ департаментінде 8(7212) 51-72-23 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істейді", - делінген жазбада.
Ал ауруханаға жатқызылғандардың бірінің жағдайы өте ауыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, оқиға орнынан облыстағы медициналық мекемелерге бес адам жатқызылған, оның үшеуі бала.
"Екі бала амбулаториялық ем алуға жіберілді, бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына қанағаттанарлық жағдайда жеткізілді. Екі ересек адамның біреуі өте ауыр жағдайда, денесінің 80 пайызын күйік шалған. Екіншісінің жағдайы қанағаттанарлық", - деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова