"Министр болады". Дина Төлепберген "Астарлы ақиқатты" жүргізуін неліктен тоқтатқанын түсіндірді

"Министр болады". Дина Төлепберген "Астарлы ақиқатты" жүргізуін неліктен тоқтатқанын түсіндірді
Фото: instagram.com/dina_tolepbergen

Жақында ғана "Астарлы ақиқат" бағдарламасын жүргізуді тоқтатқанын мәлімдеген Дина Төлепберген мұндай шешім қабылдауына не себепші болғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Танымал тележүргізуші ең алдымен көрермендеріне алғысын білдірді.

"Маған да оңай емес. Бағдарламаны жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдауымның себебін айтпас бұрын, ең алдымен күнде кешкісін "Дина не дер екен, қай шындықты ақтарады?" деп арнаны қосып, менімен бірге болған барша көрерменіме алғыс айтқым келеді. Маған сенген, тағдырын, түйткілін жеткізген қазақ еліне мың тағзым. Осылай бағдарламаны жүргізіп, зыр жүгіріп жүргенімде 13 жылдың қалайша зымырап өткенін өзім де байқамай қалыппын", - деді тележүргізуші.

Дина Төлепберген өзінің ізбасары, "Астарлы ақиқаттың" жаңа түзгізушісі туралы ақпарат беріп, өзін тыста тілекші, кеңседе кеңесші болып қала беретінін жеткізді. 

"Менің эфирден кетуімді қарыштауға қадам деп ұққандарыңыз дұрыс. Бірақ, мен "Астарлы ақиқаттан", эфирден кетсем де, мен бұл жобамен қоштасып жатқан жоқпын, өйткені бағдарлама менің балам секілді, менің өзімнің туған баламнан екі жакасқа үлкен екен, сондықтан да "Астарлы ақиқат" менің тұңғышым. Қалайша ана өзінің баласын тастап немесе қалдырып кете алады? Ол мүмкін емес. 

Тірі болған соң тіршілікте бір орында тоқырап қалу - қате. Қауқарсыз болсам да, қазақтың қамы үшін ақиқатты алмаз, шындықты шойын етуге тырыстым. От басқан қара орманды қарлығаш боп, қанатыммен сөндіруге тырыстым. Жабыққанның жасын сүртіп, тарыққанның тостағына талқан салып, жаным жеткенше жәрдем қылдым. Күнде кешкі сағат 20.00-де көгілдір жәшіктен көрінетін Диналарыңыз енді жаңа жобаларға аяқ баспақ. Әр сөзімді саралап, бағалап, бағдар беретін, көзі қарақты көрерменіме қимастық сезім бар, әрине, әйтсе де ізімді суытпай, ілгері басатын жаңа жүргізушіге қолдау білдіреді деп кәміл сенемін", - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Дина Төлепберген 13 жыл жүргізген бағдарламасы туралы айтқан болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Дүйсенбі күні дүниеге келген адамдар қандай болады?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә