Майқайыңда шұңқырдан табылған автобустың дөңгелегіне қатысты жаңа дерек белгілі болды

Майқайыңда шұңқырдан табылған автобустың дөңгелегіне қатысты жаңа дерек белгілі болды
Фото: Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі

Майқайыңда шұңқырдан табылған автобустың дөңгелегіне қатысты жаңа дерек белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше сағат бұрын Майқайың шахтасында шұңқырға құлаған автобустың дөңгелегі табылғанын жазған еді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі дөңгелектің үйінді астынан шығарылғанын мәлімдеді

Өкінішке қарай, ол автобустың қосалқы дөңгелегі болып шықты. Ол биіктен құлаған кезде қосалқы дөңгелегі басқа да бөлшектерімен бірге шашылып кеткен. Сонымен қатар бұған дейін табылған ауа толтырылған баллонның сыртқы қабы және тағы басқа металл сынықтары табылды.

 

"Қосалқы дөңгелек жақпар тастарға қысылып қалыпты. Алғашында ол автобустың негізгі дөңгелегі болар деп топшыланған. Алайда жеке жатқан қосалқы дөңгелек екен", - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Фотолар: Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі

Еске салайық, Майқайың кеніші аумағында опырылған орға автобустың құлап кеткеніне 25 тәуліктен асты. Сол күні екі құтқарушының мәйіті табылған. Автобустың ішінде болған тағы екі адам іздестіріліп жатыр. Бұған дейін қазба жұмыстары кезінде автобустың мемлекеттік тіркеу нөмірі бар артқы бампері және құтқарушының қызметтік сөмкесі, ауа толтырылған баллон табылған.

Салмағы тоннаға жететін ірі тастар қазуға кедергі келтіріп жаттыр. Оларды гидравликалық балға көмегімен ұсақтап, шығарып жатыр. Құтқарушылар пневматикалық құралдардың көмегімен жолды қолмен тазартып жатыр. Тау жыныстарының қайта құлау қаупі бар.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан