Іргесі сөгіліп, кірпіштері үгітіліп тұр. ШҚО-да оқушылар балабақшада білім алып жатыр

Іргесі сөгіліп, кірпіштері үгітіліп тұр. ШҚО-да оқушылар балабақшада білім алып жатыр
Фото: Әділ Пшеновтың жеке парақшасынан

Жаңа Бұқтырма кентіндегі қабырғасы қаусап тұрған нысанда оқушылар 20 жылдан астам уақыт оқып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекеттік тілде білім беретін мектеп 1991 жылдан бері балабақша ғимаратында. Нысанның іргетасы 70 жылдары қаланған. Қазіргі уақытта іргесі сөгіліп, кірпіштері үгітіліп тұр. Оқушылардың ұзын-саны 130-дан асады. Кент тұрғындарының сөзінше, Президент тапсырмасына сәйкес, Жаңа Бұқтырма 1000 мектеп салу жөніндегі тапсырмаға ілінбеді. Ата-аналардың сөзінше, дәліздері тар, ғимарат ішін көгерген иіс жайлаған. Оқушыларға терезеден күннің жарығы да әлсіз түседі.

Ақпарат тараған бойда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігі ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Денис Шакенов қоғам белсенділері мен жауапты тұлғаларды жинап, тақырыпты қоғамдық кеңесте талқылауды ұсынды.

Осы мәселені әлеуметтік желіде жариялаған "Әділдік жолы" РҚБ ШҚО филиалының басшысы, қоғам белсендісі Әділ Пшеновтің сөзінше, балалар оқып жатқан ғимараттың әбден ескіргенінен көп шенеунік хабардар. Бірақ істеп отырғандары түсініксіз. Бұған қатысты Алтай ауданы әкімдігінің өкілдері де пікір білдірді. Дегенмен Әділ Пшенов мәселенің өзекті екенін айтты. 

"Ғимараттың 50 жылдан астам уақыт бұрын салынғанын ескеріп, ШҚО Құрылыс басқармасы 2023 жылы 200 орындық мектеп құрылысын бастайды. Нысан паспортына көз жүгіртсек, жоба құны – 2 млрд теңге. Алайда мемлекеттік сатып алу (бір дереккөзден болуы керек) арқылы аталған келісімшарт өтпеді. Негізінде мектеп 2024 жылдың тамыз айында салынып бітуі керек еді", – деді ол.

Қоғам белсендісі 200 орындық мектептің биыл қолданысқа берілетіндігіне күмәнмен қарайды. Себебі, алдымен тамыз деп, кейін қараша айына шегерді. Оның сөзінше, уақытын тағы создырса да, құрылыс аяқтала қоймайды. Жұмыс қарқынын есепке алсақ, жарты жылда тек іргетасы қаланған.

"Мектеп 2023 жылы салынып басталды. ШҚО Құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы оның әкімшісі болып саналады. "Мектеп салынсын" деген бастаманы білім ошағының директоры ғана көтерген жоқ, тұрғындар, депутаттар мен жергілікті атқарушы орган да қолдады", – деді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Асыл Бигелді 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы