- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Нәжістен тұншығып қалдық"....
"Нәжістен тұншығып қалдық". Аршалы тұрғындары көшеде ағып жатқан кәріз жүйесіне наразылық білдірді
Аршалы кентінің жанындағы жұрт арасында "карьер" деп аталып кеткен Аршалы-2 кентінде тұрғындар бірнеше жылдан бері көше бойынан ағып жатқан нәжістен құтыла алмай келеді. Жұрт елдімекеннің іргесіндегі роталық әскери бөлім мен абақтының тазартылмай үнемі толып кететін септигінен қолқаны қабатын нәжістен шаршаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша түйткілді мәселе бірнеше жылдар бойы қайталанып келеді. Бірақ жергілікті әкімдікке, әскери бөлімге және коммуналдық кәсіпорынға жүгінгенімен еш нәтижесі болмаған.
"Біз карьерде тұрып бірнеше жылдан бері роталық әскери бөлім мен түрмемен күресіп келеміз. Септиктері толып кетіп, бізге қарай үнемі ағып тұрады. Біреуі тазаланса екіншісі мүлде тазартылмайды. Тіпті қайда шағынып жүгінерімізді де білмейміз. Округ депутаты Анжелика Глебоваға шағымданып ол селолық округ әкіміне хабарлады. Бірақ әкімдік ешқандай әрекет жасаған жоқ. Әкім септиктен ағатын нәжіс жылғасына құм төсеп амалдаған болған. Бірақ ол тоқтаусыз ағатын нәжіске тосқауыл бола ала ма? Кеше "Аршалы Су" коммуналдық кәсіпорнынан көлік келіп тазаламақ болып осы нәжіске дөңгелегі батып шыға алмай қалды. Көліктерін алып шыққанымен септик сол күйі қалды. Септиктің бірі сорып тазартылғанымен екіншісі тоқтаусыз ағады. Тіпті бүкіл бақшамызға, есік алдына дейін қолқаны қабатын нәжіс жылғасы болып кетті", - дейді Аршалы -2 кентінің тұрғыны Надежда Гутер.
Біз аталған селолық округтің мәслихат депутатымен де тілдестік. Оның айтуынша түрме басшылығы түйткілді мәселеге бірден назар аударып септикті тазартуға уәде бергенімен, әскери рота командирі депутаттың айтқан сөзін мүлде елеусіз қалдырған.
"Расында да негізгі Аршалы кентімен көпір арқылы бөлініп тұрған Аршалы-2 кентінде осындай өзекті мәселе болып тұр. Нәжіс елдімекенге тоқтаусыз ағып жатыр. Маған бұл мәселе көтерілгелі бірден іске кірісіп, түрме басшысымен хабарласқанда бірден сөзге келместен түйткілді шешуге уәде берді. Алайда, рота басшылығы менің сауалдарымды еш жауапсыз қалдырды. Біріншіден, әскери бөлім болғандықтан онда байланыс өте нашар. Сондықтан whatsapp желісі арқылы хабарлама жібердім. Бірақ рота командирі оны да елеусіз қалдырды. Содан аудан әкіміне мәселені жеткіздім. Алдағы дүйсенбіде аудан әкімі аталған екі мекеме басшылықтарын да әкімдікке шақырып мәселені шешу жолдарын қарастырмақ", - дейді Аршалы аудандық мәслихатының депутаты Анжелика Глебова.
Тұрғындарды жылдар бойы әбден жалықтырған мәселеде "Аршалы Су" коммуналдық кәсіпорын мұның өздеріне қатысы жоқтығын айтып ақталған.
"Аршалы Су-2030" коммуналдық кәсіпорны орталық кәрізге қызмет көрсетіп, жекеменшік жер үйлерге қызмет көрсетілмейді. Ротамен келісімшарт жасалған жоқ. Олардан төлем алып отырған жоқпыз. Аталған учаскеге қызмет көрсетпейміз, - дейді "Аршалы Су-2030" коммуналдық кәсіпорнынан.
Түйткілді мәселе бойынша алдағы дүйсенбі күні аудан әкімі Мұрат Балпанның төрағалығымен жиын өткізілмек. Мәселе шешімін табыла ма? Мұны біз алдағы уақытта да назарда ұстайтын боламыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Ақмола облысы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz