Павлодар облысында жас жігіт шаңсорғыштың кесірінен сотталды

Павлодар облысында жас жігіт шаңсорғыштың кесірінен сотталды
Фото: pixabay.com

Павлодар облысында жас жігіт шаңсорғыштың кесірінен бас бостандығынан айырылды. Ол тұрмыстық техниканың ішіне гашиш пен марихуана жасырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Polisia.kz-тің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел уәкілдері Астанадан күдік тудыратын сәлемдеме келе жатқанын білген. Қораптағы шаңсорғыштың ішінде есірткі бар екені анықталды. Жедел уәкілдер 24 жастағы ер адамды ұстады.

"Тергеу барысында жедел уәкілдер күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту шараларын жүргізді. Ол жерден де есірткі заттар тәркіленді", - деді Екібастұз полиция басқармасы бастығының орынбасары Валентин Бірімжанов.

Жас жігіт 2022 жылғы қазанның ортасында Telegram арқылы интернет-дүкенге курьер болып жұмысқа орналасқан. Ол Екібастұзда есірткіні өлшеп-орап және таратумен айналысқан.

"Тәркіленген есірткі заты – гашиш пен марихуана. Оның жалпы салмағы 2 келі 250 грамм болды", - деді Валентин Бірімжанов.

Сот үкім шығарды. Енді жас жігіт 10 жылын орташа қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде өткізеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан