- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жеңіл буыңызбен!...
Жеңіл буыңызбен!
Әр елдің моншаға түсу дәстүрі әртүрлі. Орыс бауырларымыз бізді өз моншасына баурап алғалы қашан. Өзімізге үйреншікті моншада ылғалдылық жоғары екен – 75-100% және салыстырмалы түрде орташа температура – 45-60 С. Ауа ылғалдылығының жоғары көрсеткішінен терінің сыртқы қабатында тер буланбайды да, жылу алмасу қиындайды. Сондықтан қатты қыздырынудан қорықпаймын дегеннің өзінде, бу бөлмесінде 10-15 минуттан артық отырмаңыз.
Сауна деп аталатын фин моншасы рим, түрік, араб моншалары сияқты құрғақ ауалы моншалар қатарына жатады. Бұлардың ерекшелігі жоғарғы температура (70-90 С, кейде тіпті 100 С) мен ылғалдылықтың төмен (10-25%) болуының байланысында. Сол ерекшелігінен орыс моншасына қарағанда жақсы көтеріледі.
Түрік моншасында бу бөлмесіне кірерден бұрын қыздырынуға арнайы бөлме бар. Бу бөлмесі жылы еденмен қамтылған, сондықтан бөлменің бар жағынан температура біркелкі болады. Хамамда температура саунада сияқты 70-100 С. Және көбіне мұнда кофе ішу дәстүрге айналған.
Офуро – жапон моншасы (көбіне үйде) – бұл астында пеші бар, орташа ыстық су құйылған үлкен ағаш бөшке. Дене толығымен суға батып тұру үшін бөшкенің ішінде арнайы орындық бар. Сеанс 5 минутқа жалғасады. Сонымен қатар, сэнто деген қоғамдық моншалар да бар, сыртынан қарағанда топтық үлкен ванна қабылдауға ұқсайды.
Моншаның пайдасы орасан зор демесек те, баршылық. Ең әуелі, тер көп бөлінетіндіктен, орталық және вегетативтік жүйке жүйесін, сонымен қатар қан айналу процесін, демалуды жеделдетеді. Бұл өз кезегінде зат алмасу процесін жаңа сатыға көтереді де, ағзадан токсиндер мен метоболизм азықтарын шығаруға көмектеседі. Ал бұл әрбір ағзада жетіп артылады, әсіресе той-томалақтар мен жиындардан кейін. Жалпы жылу бұлшық ет пен сіңірлер тонусына жақсы әсер етеді. Әсіресе көп отыратын кеңселік жұмыскерлерге, не көп қимылдайтын адамдар үшін бұл өте маңызды.
Сонымен қатар, дәрігерлер тыныс алу жолдары ауырғанда, яғни суық тигенде, жөтел мен тұмауда ыстық бу қабылдауға кеңес береді. Жалпы, мұны медицинадан алыс адам да жақсы түсінеді: жақсылап қыздырыну – емделудің басы. Моншада қан тамырлар кеңейіп, бозарған бетке қан жүгіреді; арнайы сыпыртқымен массаж жасауға да болады; және де моншада 1,5 литрдей су жоғалтуға болады, бұл әсіресе арықтағысы келетін жандарға жақсы.
Моншаның емдік қасиетіне сене отырып, қауіпті жақтарын да естен шығармаған жөн. Мысалы, дүркіретіп тойлап шығып, моншаға кіруге болмайды. Шамадан тыс алкоголь жүрек қан тамырларына салмақ салады, бұған ыстық буды қосыңыз. Мұндай салмақты ағза көтере алмайды. Сонымен қатар суық тию қатты асқынып кетсе, моншамен жазамын деп ойламаңыз.
Жеңіл буыңызбен!
Суреттер: o-samom-glavnom.tv, moymir2.ru, gaijinotes.blogspot.com, sayna63.blogspot.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina