Үйсіндердің жерлеу салты

Жалпы алғанда, Сақтар, Ғұндар, Үйсіндер, Лопнорлықтар адамды негізінен жерге жерлеген, яғни сүйекті қабір қазып көмген. Ал Түркілер, Қырғыздар, Қияндар тағы басқалар сүйекті өртеп жібереді екен. Әрбір дәуірдегі Үйсін қабірлерінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Үйсіндер алғашқы дәуірде мал шаруашылығымен, соңғы мезгілдерде қосымша егін шаруашылығымен шұғылданған. Соған байланысты болса керек, алғашқы дәуірдегі үйсін молалары солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле жерленген. Қабірдің айналасын таспен қоршап, төбесіне тастан белгі салған. Мүрдені шығыстан батысқа қарай қазып, аузына айқастыра жұмыр ағаш қойып, оның үстіне тас жатқызған. Үйсіндердің ыдыстарының түбі көбінде дөңгелек келеді. Құлақтылары аз кездеседі. Сақтар тұсындағылармен салыстырғанда, мұнда көбінесе темір бұйымдар бірге көмілген. Қабір ішінен қойдың қаңқалары кездесіп отырады.

Үйсіндердің орта дәуірдегі зираттары үш-төрттен қаз-қатар топтастырыла, тізбектеле қазылған. Үймесінің тең жартысы тастан қаланған. Қабірдің қола бұйымдарынан гөрі темір бұйымдар көп шыққан. Тұтқа құлақтары бар ыдыстардың бүйірі мен түбі жұқа келеді. Бұл ыдыстар алғашқы мезгілдегіден гөрі мәнерлі жасалған.

Үйсіндердің соңғы дәуірдегі қабірлерінде үйінді тас жоқ, сүйек терең қазылған. Қабірден көбінесе темір бұйымдар шыққан. Ал, ыдыс-аяқтарының бүйірі жұқа, түбі жайпақ, өңі қызыл немесе күрең түсті болып келеді. 

Үйсіндердің қабірлерінің сыртқы бейнесі сақтардың қабірінен онша ерекшеленбейді. Алайда үйсін қабірінде адаммен бірге көмілген бұйымдар өте аз. Оның көбі темір бұйымдар, ал, қару-жарақ мүлде аз көмілген. Үйсін қабірлері шығыстан батысқа қарай бағытталып, сүйектің басын құбылаға қаратып, шалқасынан түзу жатқызған. Сол білегі мен оң білегі сәл бүгілген немесе екі қолы жамбасының үстіне не астына қаратылған. Сүйекпен бірге көмілген ыдыс басының оң жағына қойылған. Қойдың омыртқасы бірге көмілген. Қабірге тағы пышақ, біз, сырға, жақұт, моншақ, айна, сүйек бұйымдар, фарфор ыдыстар, шақ (тоқыма ұршығы) сияқты нәрселер бірге көмілген. Ерлердің қабірінен, көбінесе қолабіз, темірбіз, жақұт-моншақ, алқа, ыдыс сияқты бұйымдар шыққан. Сүйектің көбінің беті солтүстікке қаратылып қойылған. Бетін жоғары қаратып түзу жатқызылғандары өте аз. Ал бетін оңтүстікке қаратып қойылғандары жоқтың қасы.

«Қазақтың салт-дастүрінен» алынды.

Дайындаған: Алшын Матай

сурет:nnm.ru