Қытайдың астанасы Бейжіңнен Қабанбай батырдың мөрі табылды. Тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы ғалым Бақыт Еженханұлының «Дала мен Қала» республикалық газетінде берген мақаласында Қабанбайдың мөрі қойылған құжат Цин патшалығының мұрағат құжаттарының қорында екені жазылған.
Бұл «шағатай» жазба тілінде хатталған тарихи құжат. Хат тілі ұйғыр, қоқан өзбектерінің тіл-жазуларынан ерекше. Құжатта басылған екі мөрдің де мәнжу тілінде аудармасы беріліпті.
1. «kucuk hojo i temgetu», яғни «күшікқожаның мөрі» (сол жақтағы мөрдегі жазу);
2. «habambai i temgetu», яғни «қабанбайдың мөрі» (оң жақтағы мөрдегі жазу).
Тарихшы мөрдің Қабанбайдыкі екенін анықтау мақсатында бұл хатты аударып шыққан.
Аударма мәтіні былай: «Абкай-вехийехе («цяньлун» сөзінің мәнжу тіліндегі баламасы) ұлы ханға Күшікқожа бастаған, Сұлтан-бекей би, Есім би, Қара би, Қараменді би, Құлмамет би, Алла-назар би қостаған үлкенді-кішілі баршамыз бірауыздан ұлы Ежен ханға құлшылық етіп бас ұрамыз.
Біз де ұлы Ежен ханға еңбек көрсетіп, қашқындарыңыз болған жағдайда әскери лагерьлеріңізге хабар жеткізіп немесе сол қашқынды тұтқындап апарып берсек. Қарақалпақ жұртынан елші болып келіп [едік], Қабанбай кедергі жасап жібермей жатыр. Осы хат батыр Ұ цзянцзюньнің елшісі Батұрға тапсырылды. Батұрұ цзянцзюнь әрі қарай абкай-вехийехе ұлы ханға жеткізгей…».
Тарихшы 2012 жылы «Айқын» газетіне берген сұхбатында қазақ тарихына байланысты құжаттардың басым бөлігі Қытайда сақталған және олардың саны 4 мыңдай деген еді.
«Бұл хатнамалар қазақ елінің мемлекеттік тарихы үшін аса маңызды деректемелер екендігі даусыз. Ендігі бір пара құжаттарда қазақ-қытай сауда қарым-қатынастары туралы, Абылай хан, Әбілмәмбет, Қабанбай сынды қазақ көсемдерінің осы екі жақтылы сауданы жүзеге асыруда атқарған рөлдері көрініс тапқан» дейді шығыстанушы ғалым.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: vkoem.kz