Қабанбай батырдың мөрі табылды

Қабанбай батырдың мөрі табылды

Қытайдың астанасы Бейжіңнен Қабанбай батырдың мөрі табылды. Тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы ғалым Бақыт Еженханұлының «Дала мен Қала» республикалық газетінде берген мақаласында Қабанбайдың мөрі қойылған құжат Цин патшалығының мұрағат құжаттарының қорында екені жазылған.

Бұл «шағатай» жазба тілінде хатталған тарихи құжат. Хат тілі ұйғыр, қоқан өзбектерінің тіл-жазуларынан ерекше. Құжатта басылған екі мөрдің де мәнжу тілінде аудармасы беріліпті.

 

1. «kucuk hojo i temgetu», яғни «кү­шікқожаның мөрі» (сол жақтағы мөрдегі жазу);

2. «habambai i temgetu», яғни «қабан­байдың мөрі» (оң жақтағы мөрдегі жазу).

Тарихшы мөрдің Қабанбайдыкі екенін анықтау мақсатында бұл хатты аударып шыққан. 

Аударма мәтіні былай: «Абкай-вехийехе («цяньлун» сөзінің мәнжу тіліндегі баламасы) ұлы ханға Күшікқожа бас­таған, Сұлтан-бекей би, Есім би, Қара би, Қараменді би, Құлмамет би, Алла-назар би қостаған үл­кен­ді-кішілі баршамыз бірауыз­дан ұлы Ежен ханға құл­шылық етіп бас ұрамыз.

Біз де ұлы Ежен ханға еңбек көр­сетіп, қашқындарыңыз бол­ған жағдайда әскери лагерь­ле­рі­ңізге хабар жеткізіп немесе сол қашқынды тұтқындап апарып берсек. Қарақалпақ жұртынан елші болып келіп [едік], Қабанбай кедергі жасап жібермей жатыр. Осы хат батыр Ұ цзянцзюньнің ел­шісі Батұрға тапсырылды. Батұрұ цзянцзюнь әрі қарай абкай-вехийехе ұлы ханға жеткізгей…».

Тарихшы 2012 жылы «Айқын» газетіне берген сұхбатында қазақ тарихына байланысты құжаттардың басым бөлігі Қытайда сақталған және олардың саны 4 мыңдай деген еді.

«Бұл хатнамалар қазақ елінің мемлекеттік тарихы үшін аса маңызды деректемелер екендігі даусыз. Ендігі бір пара құжаттарда қазақ-қытай сауда қарым-қатынастары туралы, Абылай хан, Әбілмәмбет, Қабанбай сынды қазақ көсемдерінің осы екі жақтылы сауданы жүзеге асыруда атқарған рөлдері көрініс тапқан» дейді шығыстанушы ғалым.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: vkoem.kz

А. Құлтай