Сенбі күні қара шаңырақ ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде «Үштілділік жағдайында қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің тізгінін алған ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай келген қонақтарды таныстырып, алғашқы сөз кезегін факультет деканы Өмірхан Әбдиманұлына берді.
Жиын барысында мемлекеттік тілдің қазіргі жай-күйі, бүгінгі таңдағы тілдік саясат мәселесі қозғалды. Алматы қаласындағы белді университетттерден келген тіл мамандары өз ойларын ортаға салып қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайын кеңірек толғады.
Бірқатар ұстаздар ұтымды ойларын ортаға салып, ана тілдің бүгінгі жағдайымен қоса ертеңгі күнге де сараптама жасады. Қазіргі білім беру деңгейін, оның ішінде қазақ тілін оқытудың мәселелерін, әсіресе, үштілділік жағдайында қалай оқыту керек екендігі сөз етілді.