- Негізгі бет
- Қазақстан
- Үштілділік жағдайында қазақ...
Үштілділік жағдайында қазақ тілін оқыту әдістемесі
Сенбі күні қара шаңырақ ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде «Үштілділік жағдайында қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің тізгінін алған ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай келген қонақтарды таныстырып, алғашқы сөз кезегін факультет деканы Өмірхан Әбдиманұлына берді.
Жиын барысында мемлекеттік тілдің қазіргі жай-күйі, бүгінгі таңдағы тілдік саясат мәселесі қозғалды. Алматы қаласындағы белді университетттерден келген тіл мамандары өз ойларын ортаға салып қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайын кеңірек толғады.
Шараға келген ұстаз Нұрша Оразақынова «қазіргі уақытта ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқытатын болған. Меніңше, бала 5-сыныпқа дейін ана тілін меңгеруі керек. Өз тілінде алынбаған білім нақты болмайды» – деп батыл пікір білдіріп, қалған қонақтар да бұл пікірді мақұлдады.
Сонымен қатар, мектептегі бала санының көптігі айтылып, соған байланысты сұрақтар қойылып, пікірталас қыза түсті.
Бірқатар ұстаздар ұтымды ойларын ортаға салып, ана тілдің бүгінгі жағдайымен қоса ертеңгі күнге де сараптама жасады. Қазіргі білім беру деңгейін, оның ішінде қазақ тілін оқытудың мәселелерін, әсіресе, үштілділік жағдайында қалай оқыту керек екендігі сөз етілді.
Ж. Жұмағұлов