- Негізгі бет
- Қазақстан
- Тәрбие – білім...
Тәрбие – білім бастауы
Күн сәулесі өсімдік тіршілігіне қандай қажет болса, тәрбие мен білім тұлғаның дұрыс өсіп жетілуіне соншалықты қажет және олар адамға ең қажетті құндылықтардың бірегейі. Ұлы данамыз әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дегендей бүгінгі бәсекеге қабілеттілікті талап еткен қоғамда, жасампаз қазақ жерінде жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, отаншыл азамат етіп тәрбиелеу көзделінеді. Сондықтан ұстаздар қауымының мақсаты: бүгінгі ұрпақ, еліміздің болашағын, қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға етіп өсіру. Ал жастардын міндеті – тәуелсіз еліміздің мақтан тұтар бойтұмарларына айналу.
Осындай талаптарды мақсат тұта біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің органикалық заттардың химиялық технологиясы бөлімінің 106-тобы Ресей клуб студенттері “Ресей ақын жазушылары” тақырыбы аясында шағын шығармашылық кеш өткізген болатын. Бұл іс шараның мақсаты әуелі, жоғарыда айтылып өткендей студент бойындағы игі істер мен жақсы тәрбиені қалыптастыру, білім мен өнерге баулу, “100 кітап” жобасы аясында студенттер арасында орыс классиктерінің туындыларын оқытуды тарату. Барлығымызға белгілі,2012 жылы университетіміздің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен «100 кітап» жобасы әзірленіп, ҚазҰУ студенті оқуға тиіс үздік отандық және әлемдік классиктердің шығармалары таңдалды, тізімі жасалды. Берері мол осы танымдық жобаның студент ойының жүйріктігін арттырып, қазақ елінің, көршілес басқа мемлекеттердің мәдениеті мен әдебиетін тереңірек тануды арттырары сөзсіз. Ал әдебиет рухани қазынаның діңгегі болғандықтан адам өзіндік қалыптасу жолында әрқашан кітаптар мен еңбектерді оқып, тың деректерді зерттей білгені абзал. Бірақ, қазіргі таңда жастар классикалық әдебиет үлгісін жалаң әдебиетпен аламастырып, сол шығармаларды классикаға жатқызып, шатастырып жүргендей. Міне, біздің бұл іс-шарада айтпақшы болғанымыз да осы. Шағын шығармашылық кеште ресейлік студенттер клубы Пушкин, Лермонтов, Достоевский, Толстой, Есенин, Цветаева, Ахматова және баска орыс әдебиетінің классик авторларының өмірбаянымен танысып, осы авторлардың классикалық проза және поэзия үлгілерін талдап, өз ойларынортаға салды. Классикалық құндылықтар өмір шындығының ащы тұстарын көрсетіп, ал кітаптар негіз бола білген осындай іс–шаралар болашығына бағдар беріп, тың ойларды ойлап, мақсатқа жету үшін озгеше пікірді қалыптастыруға, ерекше шешімдерді табуға үйретері сөзсіз. Осылайша біз «неліктен орыс әдебиетін немесе дүние жүзі мәдениетін тану үшін мұндай іс-шараларды жүргіземіз, олардың маңыздылығы неде?» деген көкейкесті сауалдардың жауабын аламыз.
Әрбіріміз жүрек қалауымызбен, заман ағымына ермей, әдебиет шамшырақтарын дұрыс таңдай біліп, тәліміміз бен тәрбиемізді ұштастыра Қазақстан Республикасының, тәуелсіз мәңгілік елдің рухани бай ұрпағы деген даңқты атаққа ие бола алсақ, ректор бастауымен жүзеге асырылып жатқан ҚазҰУ-дың “100 кітап” жобасының аясында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Жолдасбекова Б.Ө. басқарып отырған орыс филологиясы мен әлем әдебиеті кафедрасының қолдауымен өтетін осындай іс шаралар көздеген мақсатына жетеді деп ойлаймыз.
орыс филологиясы мен әлем әдебиеті
кафедрасының аға оқытушысы
Г. К. Тiлеубай