Адамның рухани өсіп жетілуінде театрдың алатын орны ерекше. Біз театр арқылы қазақтың өнерін, мәдениетін танимыз және басқа елден келген шетел азаматтарына танытуда үлкен жұмыстар атқарамыз. Шетел азаматтарын қазақ өнері, мәдениетімен жақын таныстыруда театр, мұражай, саяхат орындарының алатын ролі жоғары.
Қазақстанға білім алу мақсатымен келген, қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде тілдік дайындықтан өтіп жатқан 60 ауған тыңдаушылары 6 қараша күні М.Әуезов атындағы драма театрында "Таңсұлу" қойылымы мен театр тарихынан сыр шертетін мұражайды тамашалады. Театрдың мұражайымен, қойылымнан ерекше әсер алғандарын тыңдаушылар өз сөздерінде айтып өтті.
Таңсұлудың бойына біткен сұлулығымен қатар батылдығына бас иді, қойылым ел басына күн туған сәтте тұтқынға түскен арудың қанша қорлық көрсе де, Отанын сатпай, елінің амандығы үшін тіпті өзін құрбан еткен ерлігі баяндалады. Қалмақтың қол астында қанша қиыншылық көрседе өз ұлдарын тұмсықтыққа шоқытпай, қанаттыға қақтырмай өсіріп, баласына қазақ баласы екенін үнемі айтып отырған. Ұлдары ер жеткенсоң баласына әкесін табуды аманаттап, өзі ел аралап кете барады, жылдар жүріп Жойқынын тапқанда оның Таңсұлуына құран бағыштап отырғанын көріп, Жойқынның дұғасын қабыл қылайындеп өзі құздан құлап өледі. Оқиға желісі он жастағы Таңсұлу өзінің қасірет шеккен тағдырын түсінде көріп, шошынып оянуынан бастау алып, өзінің сол түсінде көрген кейіпкеріне айналып, құздан құлап өлуімен аяқталады. Міне, мұндай әсерлі көрініс 3D-фoрматында шетел азаматтарына өте жақсы әсер қалдырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының
оқытушылары: Нусупбаева С.А., Саткенова Ж.Б.