- Негізгі бет
- Қазақстан
- Назарбаев Университеті студент...
Назарбаев Университеті студент көзімен
Назарбаев Университеті – еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Алғашқы студенттерін 2010 жылы қабылдаған білім ордасы бүгінде өзінің тың білім жүйесі арқылы мектеп бітіруші түлектердің назарына іліккен. Өйткені, білім жолын қуып, ізденіспен уақыт өткізетін оқушылардың бірқатары, бұл университет қабырғасында білім алуды мақсат тұтады. Ал, армандары шындыққа айналып, бүгінде Назарбаев Университетінің студенті атанған Алуа мен Айжан есімді қыздарымыз өздерінің әсерлерімен бөлісті.
Алуа Ихсанова:
– Оқу оңай емес, тіпті қиын. Дегенмен, бұл қиындықтар сені сұлатып тастамай, қайта тұрып жүгіруіңе мүмкіндік береді. Өйткені, бір қателікті енді қайталамауға тырысасың. Меніңше, оқудағы қиындық бұл алға қарай жылжудың болуымен ерекшеленді. Яғни, сен бір нәрсені меңгеріп жатырсың. Әрине, ынтаның да шегі болады, үздіксіз оқи беру де мүмкін емес. Сондай сәтте айналамдағы адамдарға қарап күш аламын. Себебі, өзің қатарлы студенттер зерттеу жұмысымен айналысып жатады, кейбіреуі гранттар ұтып алып, шетелге оқуға кетеді. Бұлардың барлығы сенің тынбай оқуыңа жағдай жасайды. Оны химиялық тұрғыдан, графиттің алмазға айналуымен түсіндіруге болады. Графитке неғұрлым жоғары қысым түскен сайын, соғұрлым алмазға айналу үдерісі тез жүреді. Бұл да сол секілді. Оқу барысында неғұрлым қиындық болған сайын, соғұрлым білікті бола түсесің.
Айжан Рахметова:
– Назарбаев Университеті өзінің кәсіби білім жүйесі арқылы ерекшеленетін бәрімізге мәлім. Бұл оқу орнында білім алуды мектеп қабырғасында жүріп армандадым. Уақытымды емтихандарға арнадым, күшімді осы жолда сарп еттім. Міне, мен қол созған арманым шындыққа айналып, бұл университеттің студенті атандым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік!
Алуа Ихсанова:
– Мен үшін НУ-дағы ең үлкен жетістік бұл адамдармен орнатқан қарым-қатынасым болса керек. Өйткені, бұл жерде өзінің қызығушылықтарымен, хоббиімен, әлемге деген көзқарасымен қатар, түрлі құндылықтарымен ерекшеленетін адамдарды кездестіресіз. Олар қандай жағдай болмасын бір деңгейде сөйлеседі. Ешқашан бөліп-жаруды білмейді. Олар әрқашан сенің пікіріңді толық тыңдап болған соң ғана өзіндік ойын білдіреді. Адамдар өз қатесін мойындай біледі. Сонымен қатар, студенттер мен мұғалімдердің барлығы ашық-жарқын, кез келген уақытта көмек сұрауға болады. Көпшілігінің білімі мен тәжірибесі бар. Олар соны бөлісуден, саған бағыт беруден ешқашан жалыққан емес.
Айжан Рахметова:
– Қазір университет қабырғасында білім алып жатқаныма бір жылдан артық уақыт өтті. Мен осы уақыт аралығында көптеген профессорлармен танысып, олармен еркін әңгімелесу арқылы өзім таңдаған мамандығымның қыр-сырын тани бастадым. Күнделікті айналамды қоршаған білікті мамандар мен жастар менің өзіме деген сенімімді арттырады.
Алуа Ихсанова:
– Әзірге менің болашаққа қандай үлес қоса алатыным туралы айту мүмкін емес. Өйткені, мен – небәрі бірінші курс студентімін. Дегенмен, екі жыл бұрынғы өзім мен қазіргі "мен" екі түрлі адамбыз. Айырмашылық жер мен көктей. Алдыңғы жылы foundation бағдарламасы арқылы білім алған сәтімде мектеп кезімдегі жоспарларымның барлығына түгел өзгеріс енді. Сол себепті, алдағы уақыт туралы ешнәрсе айта алмаймын.
Айжан Рахметова:
– Назарбаев Университеті – ендігі менің екінші үйім. Бұл жерде мен өзімнің қалыптасқан дағдыларымды жетілдіріп қана қоймай, жаңа қырымнан өзімді тани бастадым. Болашақта, тағы да беймәлім тұстарымды аңғаратыным анық. Ол үшін оқимын, еңбектенемін және ізденіспен өмір сүремін.
Назарбаев Университетінің студенттері өздерінің білім ордалары туралы ойларымен осылайша бөлісті. Сіз бен бізге мәлім НУ студенттері үшін өзгеше екені анық. Сіздің ойыңыздағы Назарбаев Университеті қандай еді?
Т. Есқали