- Негізгі бет
- Қазақстан
- Қыздар университетінің магистрлері...
Қыздар университетінің магистрлері ғылым көкжиегіне жолдама алды
Бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру негізінде магистранттарға салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті.
Алғашқы құттықтау сөзді алған университет ректоры Д.Нөкетаева: «Әр түлек – университет мақтанышы, ел сенімі. Біз кемел келешек үшін еңбек ету жолында Мәңгілік Қазақстанның тұтқасына ие болар білімді, саналы, ұлтжанды ұрпақтың болғанын қалаймыз. Ал сол ұрпақтың білімді болуына бірден-бір себепкер әрі жауапты тұлға – мұғалім. Ұлт болашағы үшін ұстаздар тәрбиелеп отырған білім ордасы осы жауаптылықты барша болмысымен сезінеді. Бүгінгі магистр біліктілігін алған жеңісті күндеріңіз жемісті болсын», – деп туған ұясынан түлеп ұшқан түлектерге сәт-сапар тіледі. Сондай-ақ, Динар Жүсіпәліқызы Қыздар университеті ұлттық аккредиттеу агенттігі бойынша Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының арасындағы рейтинг топтамасында 7 орынға ие болғанын сүйіншілеп, зор мақтанышпен жеткізді.
Оқу жүйесінің екінші сатысы – магистратураны тәмамдап, магистр біліктілігін алып шыққан университет түлектері бүгін бал-бұл жанып, тамаша тебіреністе болды. Айтулы шараның айта кетер ерекшелігі, биыл тұңғыш рет магистратура бойынша қосдипломды бағдарлама аясында шетелдік және қазақстандық дипломға ие болды. Мұндай бақыт – педагогика және психология мамандығы бойынша Айгерім Жақыпбаеваның маңдайына бұйырды. Ол АҚШ-тың Миссиссипи алқабы мемлекеттік университетінен қосдипломдық бағдарламасы бойынша диплом алып, «Балаларды дамыту орталығына қосқан үлесі және қызметі үшін» деген сертификатпен марапатталған.
2014-2015 оқу жылында білім ордасында 23 мамандық бойынша ғылыми-педагогикалық бағытта 171 магистрант диплом алды. Ал, оқуда оқ бойы озық шығып, үздік оқыған 30 магистрант университет ректоры қолынан диплом алды. 70 жылдық тарихы бар киелі қара шаңырақта мәдени-қоғамдық ұйымдастыру шаралары мен ғылым саласына қосқан үлестері үшін белсенді магистранттарға ректордың «Алғыс хатын» бірінші проректор Баходир Алиев табыстады.
Өмір жолындағы үлкен бір белесті бағындырған жастарымызды ата-анасы, туған-туысы, дос-жарандары құттықтап, құшақтарын гүл шоқтарынына толтырды. Арасында осы университет түлегі, №176 мектеп-гимназиясының директоры Г.Аденова да болды. «Бұл киелі қара шаңырақтың білім деңгейі өте жоғары. Өзім де осы оқу ордасында физика-информатика мамандығын алып шықтым. Еңбек жолымды қарапайым мұғалімдіктен бастап, үлкен баспалдақтарға көтерілдім. Бір қызығы, бір отбасындағы бес қыздың төртеуі аталмыш Парасат мектебінің түлегі екенін мақтанышпен айта аламын. Айтулы мерекемен сіңлім Бекзатты арнайы құттықтау үшін асыға келдім», – деді Гүлбағда Есейханқызы бізге берген сұхбатында.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға байланысты 100 нақты қадамының 79-қадамында: «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-да ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу. Басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру» деп көрсетілгендей, бүгінгі заман талабы сұңғыла білімді, көп тіл білетін, бәсекеге қабілетті мамандарды қажет ететіні белгілі.
Салтанатты жиын түлектер құрметіне арналған шағын концертке ұласты.
Жолдаған "Қыздар Университеті" медиа орталығы
Ж. Өрісбай