Қарашаның соңғы жұлдызында Елбасы халқына арнап дәстүрлі Жолдауын жолдады. Бүгінде кез келген ұжым Жолдауды ортаға салып талқылап, ой өрбітуде. Филология және әлем тілдері факультетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының ұжымы да Елбасы Жолдауын қызу талқылап, ойларын ортаға салды. Кафедраның оқытушы-профессорлар құрамының ендігі мақсаты Жолдаудың мазмұнын студенттік топтарда талқылау болып табылады.
Әлемді арбаған дағдарыстың ушығып тұрғанын ескере отырып, Президент осы тығырықтан шығудың нақты жолдарын ұсынды. «Қазақ халқы өз тарихында қазіргідей жақсы жағдайда өмір сүрген емес» деген Елбасы, осы тұрмысты бағалай отырып, айрылып қалмаудың жолдарын анықтап берді. Жай қарапайым мысалдар арқылы-ақ ащы шындықтың тігісін жатқыза түсіндіре отырып, санаға сіңірді. «Қазақтың бақуатты байлары бай болуды үйрену керек», «артына қоңырау тағып шет елді шуылдатпай» қазақтың байлары байлығын ел игілігіне жұмсап, сырттағы байлығын елге әкелсін деп атап өтті Елбасы. Еліміздің экономикасындағы қаржы дағдарысына жол бермеу үшін «саны бар да, сапасы жоқ, аста төк шығындар» мен атқарған жұмысы көзге көрініп халық игілігіне еш ықпал етпейтін «майда-шүйде» компаниялардың санын азайтуды ұсынды. Барлығы шындық. «Қазақтың байлары танк секілді қорбиған машина шықса да таласып мінеді». Ащы сарказм. «Көрпеңе қарай көсіл» деген де осы болар. Қарапайым халықтың мүддесін ойлау, алыстан орағытып алдыңа әкелу деген де осы болар.
Баламыз тек әкім болып ел басқарып, банкте істеп мол ақша тауып, жылы жерде отырсын дейтін қазақ емеспіз бе? Осы бір ойды сейілту үшін Елбасы «жұмысшы – құрметті мамандық» дей отырып, жұмысшы мамандығының қоғамдағы орнын атап көрсетті және соның нақты дәлелі ретінде өзінің еңбек жолын мысал етті. Түсінген жасқа бұл да нақты бағыт. Халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуды да Президент естен шығармады. 2016 жылдан бастап қоғамның әр саласындағы қызметкерлерге, оқытушыларға, дәрігерлерге қосылатын жалақы мөлшері де халықтың көңіліне сенім ұялатты. 2017 жылдан бастап ақысыз техникалық білім беруді қолға алу керек екендігін де қадап айтты.
Президент өз Жолдауында халқына салмақты ой тастап, дәлелді тұжырым жасай отырып, нақты бағыт ұсынып отырды. Жолдау мазмұнында ешбір науқаншылдық немесе бұйрық беру лебізі байқалмайды. Жайлап айтып, ақылға шақыру басым. «Әй, ағайын, алды – артыңды бағдарла, асып-төкпе, елден қалма, өз жағдайыңды адалынан өзің жаса, артылса ағайынға қарайлас» дегенге саяды Елбасының ойы. Осының өзінен халқына деген жылы лебіздің, ерекше қамқорлықтың, таза пейілдің лебі есетінін сезіну қиын емес.
Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
Жұмағұлова Арзан Жаханқызы