Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемдік білім нарығында бәсекеге қабілетті екендігін тағы да дәлелдеп әлемдегі үздік 800 университет арасында 275-орынға көтерілді. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ресми сайтында жазылды.
ҚазҰУ өткен жылы жарияланған рейтингте 299-орында еді. Жүйелі қайта құруды ойдағыдай жүзеге асырған ҚазҰУ әлемдік университет рейтингінде жыл өткен сайын жоғары орынға көтеріліп келеді. Әйгілі QS (Ұлыбритания) халықаралық рейтинг агенттігінің 2015 жылғы 15 қыркүйекте жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 275-ші орынды иемденіп, ең үздік 300 университет қатарынан көрінді.
Бұл рейтингте 2010 жылдан бері 326 орынға, соңғы бір жылда 30 орынға көтерілген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұңғыш рет Қазақстан және Орталық Азия университеттері арасында осындай айтулы жетістікке қол жеткізді. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, өте қысқа мерзім ішінде әлемнің ең үздік 300 университеті қатарына ену — нағыз әлемдік феномен және қарқынды түрде алға ілгерілеу. Бұл университет ұжымының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және жұмысты жұмылып атқарып отырғанын дәлелдейді.
Айта кету керек, ТМД елдерінің барлық университеттері әлемнің 800 үздік университеті рейтингінде мұндай жетістікке жете қойған жоқ. 2015 жылы оған ТМД-ның үш университеті ғана — М.Ломоносов атындағы ММУ (108-орын), Санкт-Петербор меммлекеттік универистеті (256-орын) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (275-орын) кірді.