Қазақстанның жоғары әскери оқу орындарына қабылдау ережелері өзгерді

Қазақстанның жоғары әскери оқу орындарына қабылдау ережелері өзгерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілетеме жасап.

Жаңа қағидаларға сәйкес, әскери оқу орындарына түсу үшін талапкерлер тестілеуде (таңдалатын әскери мамандыққа қарамастан) физика, география, химия, биология және дүниежүзі тарихы пәндерін таңдай алады.

Сонымен қатар, оқуға түсу үшін тапсырылатын құжаттардың тізімі қысқартылды. "Сондай-ақ, оларды қабылдау мерзімі ұзарды. Атап айтқанда, ҚР ҚМ жоғары әскери оқу орындары мен Кадет корпусына 20 шілдеге дейін, республикалық әскери мектептерге 15 тамызға дейін құжаттар қабылданады.  Әскери оқу орындарына алу 21 тамызға дейін жүргізіледі. Одан басқа, енді талапкерлердің ТКТ сертификаттарын ұсынбай-ақ жергілікті әскери басқару органдарында (әскери комиссариаттарда) медициналық куәландырудан өтулеріне мүмкіндіктері бар", - делінген хабарламада. 

Ведомствоның баспасөз қызметі өкілдерінің мәліметінше, қазір Қазақстанда бакалавриат бағдарламасы бойынша әскери мамандарды даярлауды жүзеге асыратын үш әскери жоғары оқу орны іске қосылған. Олар: Құрлық әскерлерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты.

Өткен екі жыл ішінде мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған орта және орта арнаулы оқу орындарының 1 144 бітірушісі оқуға түсті. Қазақстанның үш әскери білім ошағы жаңа курсанттарды қабылдауға дайын.