- Негізгі бет
- Қазақстан
- Жаныңда жүр жақсы...
Жаныңда жүр жақсы ұстаз
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ашылғаннан бері (85 жылдықтың алдында тұр) республикамызға, жақын және алыс шетелдерге білім мен ғылым саласында өте танымал тұлғаларды дайындағанын көзі ашық азаматтар білуі керек. Университеттен қаншама мемлекет қайраткері, білім мен ғылым саласының тарланы шыққанын санай берсек біршама уақыт кететіні сөзсіз.
Бұл үрдіс еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де өз жалғасын табуда. Оған дәлел – соңғы жылдары әлемдегі топ-университеттерінің арасынан біздің университетіміз ойып тұрып алдыңғы сапта тұрғанын айтсақ та жеткілікті. Оған академик Ғ.М.Мұтанов бастаған университет басшылығының көрегенділігі, жаңашылдылығы, факультет басшылығының оқу-тәрбие жұмыстарын өте жоғары деңгейде ұйымдастыруы және ұстаздар ұжымының қажымас еңбектерінің арқасы деп түсінеміз.
Университетімізде білікті мамандар жеткілікті. Солардың арасында қарапайым, ешкімнен ештеме сұрамайтын, өз ісінің майталмандары да баршылық. Сондай ұстаздардың бірі емес бірегейі – биология және биотехнология факультетінің биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының ұлағатты ұстазы, көрнекті ғалым, тек ботаника саласының мамандарының арасында ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның білім беру саласында да танымал, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Абиболла Әметұлы Әметов.
XX ғасырдың 60-шы жылдары сол кездегі республикамыздағы жалғыз университетте жан-жақты терең білім алуға талпынған қазақ жастары осы оқу орнынан біліммен сусынданып, болашақта ғылыми жұмыстармен айналысу мақсатында еліміздің түрлі аймақтарынан келуші еді. Бұл университетке оқуға түсу әрбір жастың арманы болатын. Осындай арман қуған жастардың арасында болашақ ботаник-ғалым әрі ұлағатты ұстаз Әбиболла Әметұлы да болды.
Әбиболла Әметұлы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып оқуға қабылданды. Ауылдан келген азаматқа алғашқы кезде оқу біраз қиыншылық туғызғаны да белгілі. Өйткені ол кезде көптеген пәндерден қазақ тілді мамандар жоқтың қасы екендігін аға буын өкілдері біледі. Алдына үлкен мақсат қойған жас жігіт барлық қиыншылықтарды жеңе отырып оқу озаты атанды, тіпті сабақтан қолы бос кезде ғылыми жұмыстармен де айналысып, жасыл әлемнің қыры мен сырын ашуға бел буды.
Болашақ академик, Ұлттық Ғылым Академиясының вице-президенті болған, республикада емес, одақ көлемінде ризология ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан Иса Омарұлы Байтулиннің ұсынысымен өсімдіктің маңызды органдарының бірі-тамыр жүйесін зерттеуді қолға алды. Осы салада Қазақстанның ботаника ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. Үлкен маман болып шығуына өзі білім алған университеттегі ұстаздарының еңбегі, сонымен қатар өзінің жаңалыққа деген талпынысы, қажырлы еңбегі себепші болды.
Осындай біліммен сусындаған және ғылыми жұмыстарды орындауда жинақтаған мол тәжірибесі бар Әбиболла Әметұлын факультет басшылығы оны педагогикалық жұмысқа шақырды. Ойлана келе, ол бұл шақыруды қабылдады және ұзақ уақыт Биология факультетінің ботаника кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор міндетін атқарушы ретінде қызмет атқарды және атқаруда.
Осы жолдың авторларының бірі (қалғандары осы университет түлектері) Әбекеңді ғылыми еңбектері, оқулықтары мен оқу-құралдары арқылы сырттай ғана білуші еді. Соңғы жылдары оқу үдірісі барысында тығыз байланысты болғандықтан, әріптес ретінде жақын біле бастадым. Ол туралы қалыптасқан пікірлеріме толықтай көзім жетті десем қателеспеймін және қателеспегеніме дән ризамын.
Ә.Әметұлы өте қарапайым, өз ісінің нағыз маманы, Қазақстанның болашақ құрылысшыларына жан-жақты білім беріп жүрген алдыңғы қатардағы ұстаздардың бірі деп санаймыз. Орасан еңбегі аса көп елене бермесе де (ол мүлдем бізге байланыссыз) білім алушы жастар арасында Әбиболла Әметұлы жайында оң пікір қалыптасқан. Бүкіл саналы өмірін өзі білім алған орданың қабырғасында өткізген Әбекеңді көпшілік әріптестері, бакалаврлар мен магистранттар және докторанттар әруақытта біздің профессор ағайымыз деп мақтан тұтатынын өз құлағыммен сан мәрте естігенмін.
Ә.Әметұлы өз ісіне қатал талап қоя білетін, сексеуілдің тамырындай терең білімдерін (Ә.Әметұлы ризолог-ғалым ғой) білім алушыларға толықтай жеткізуге шаршамайтын ғалым-ұстаз. Оған дәлел – соңғы жылдары оқу-далалық тәжірибе сабақтарын бір жерде өткізу барысында атқарған жұмыстарынан кішкентай бір мысал. Студенттерді түрлі табиғи биотоптарға экскурсияға шығарып қана қоймай, онда жинаған өсімдіктерді өңдеп, ретке келтіру, жиынтықтар жасау, білімдерін тексеру, ақыл-кеңес беру және т.т. өте маңызды іс екендігі белгілі. Осы салада да Ә.Әметұлы тынымсыз еңбек ететіні бәрімізге аян. Десе де далалық оқу практикасына баратын әртүрлі мамандықтар бойынша оқитын 300-ден аса студенттерден өсімдіктерді анықтау кезінде күні бойы оларға жәрдем беруі де, бір өзі 3-4 ботаниктердің атқаратын жұмыстарын атқаруы да оның өз ісіне шын берілгендігін көрсетпей ме? Бұл сырттай қарағанда «әр оқытушының тікелей міндеті, осы да бір кереметтік пе?» деп ойлайтын әріптестер де кездесуі мүмкін. Бірақ олар далалық жағдайда оқу процесінің қалай өтетінінен хабары жоқ азаматтардың шолақ пікірі.
Ә.Әметұлының қаламынан туындаған жүздеген ғылыми еңбектері бір төбе, ал орта мектепке және жоғары оқу орындарына арнап жазылған «Ботаника» оқулықтарының өзі бір төбе. Оған дәлел–жоғары оқу орындарына арнап жазылған оқулықтың бірнеше мәрте баспадан шығарылуы. Осы оқулықтан көптеген ботаниктер білім нәрімен сусындады, санын дәл айту үшін біраз жұмыстар жасауға тура келер еді. Сонымен қатар, Әбиболла ағамыз әрі әріптесіміздің жетекшілігімен қаншама бакалаврлар, магистранттар өздерінің дипломдық жұмыстарын, диссертацияларын ойдағыдай қорғап, өмірден өз орындарын тауып жатқандарына куәміз. Осындай жетекшілік жұмыста да «білімі көп адам-құралы сай ұста секілді: не істесе де келістіріп істейді» деп айтқан Ахмет Байтұрсыновтың сөзі әріптесімізге арналғандай сезінеміз.
Ол әріптестеріне, шәкірттеріне, білім алушыларға көмегін ешуақытта аямайтын, ақыл-кеңес беруден жалықпайтын, кез-келген жағдайда қол ұшын беруге дайын тұраты азамат. Осы кезде Уильям Уордтың «жай мұғалім айтады, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген сөзі еріксіз ойға түседі. Әріптесімізді мұғалімнің соңғы 2 типіне жатқызсақ артық болмайды деп санаймыз. Өйткені осы екі қасиеттің екеуін де Абиболла Әметұлының бойынан әруақытта табуға болады.
Әбиболла Әметұлы – адамгершілігі мол, білімпаз, отаншыл, ұлтжанды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, қазақша айтқанда «сегіз қырлы, бір сырлы азамат», ұлағатты ұстаз.
Қолы бос кезде әңгімешіл. Елдің тарихы мен дәстүрін терең білуші, көсемсөздің қас шебері, жан-жақты білімпаз. Осындай азаматпен бірге қызметтес болып жүргеніме өз басым (зоолог) дән ризамын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ә.Әметұлы сияқты ұстаздар арамызда көп болса, Елбасы алға қойған «Қазақстан-2050» стратегиялық Бағдарламасында көрсетілген білікті де білімді, бәсекелестікке қабілетті мамандар дайындалатынына зор сеніммен үміттенуге болады.
Сөз соңында Әбиболла Әметұлына 75 жылдығыңыз (09 мамыр) құтты болсын, білім мен ғылым саласында әлі де биік асулардан асып, тамыры терең байтеректей жапырақтарыңыз жан-жаққа жайылып, шаршамай еңбек ете беріңіз демекпіз.
Биоалуантүрлілік және биоресурстар
кафедрасы ұжымының атынан:
кафедра доценттері,
биология ғылымдарының кандидаттары,
зоолог Б.Есжанов, ботаник Б.Тыныбеков,
аға оқытушылар энтомолог Н.Баймурзаев
және ихтиолог С.Шарахметов.
08.05.2018 ж.