«Барлығы да, Поэзия, сен үшін» деп əдебиет патшалығының ғажайып ханзадасы һəм бірегей сардары ретінде салтанат құрған Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология және әлем тілдері факультетінің студенттері университеттік «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы аясында ақын шығармашылығына арналған поэзия кешін ұйымдастырды. Ақын туған күні жыл сайын ақырған ақпан айында қай жерде болсын тойлана беретіні хақ. Бұл – жұмыр жер мен дөңгелек уақыт көрсеткішінің белгісі.
Ақын өз күнделігінде «Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар!» деген өсиетін басшылыққа алған жас өрендер ақын шығармашылығын мүмкіндігінше толық қамтыды.
Бірі ақын поэзиясынан үзінді оқыса, бірі ақын өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады.
Енді бірі ақын анкетасына бойлап, тағы бірі ақын мақсатына тоқталды. «Махаббат диалогы» да назардан тыс қалмады.
Жылдар өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түсері анық. Оның рухани қазынасын ұлт иелігіне табыстайтын XXI ғасырдың жастары – бүгінгі ҚазҰУ студенттері! Олардың пікірінше, «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали – мәңгілік өмір!» бола алатындығын ақынға көрсеткен құрметімен өлшеуге болады.
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ доценті, ф.ғ.к.,
Саткенова Ж.Б.