"Алтын ұя" журналының тұсауы кесілді

"Алтын ұя" журналының тұсауы кесілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде студенттерге арналған «Алтын ұя» журналының тұсаукесері болып өтті.

Журнал факультет ұстаздарының қолдауымен және студенттерінің тікелей ұйымдастыруымен жарық көріп отыр.

Тұсаукесер кешіне ҚазҰУ-дың тәрбие жұмыс департаментінің директоры Меңдігүл Сағатқызы, «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы Саягүл Әлімбекова, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Гүлмира Қазыбек, Бизнес инкубатор директоры Асхат Абжанов, «UNIVERSAL START UP» компаниясы директоры Қуанышбек Ерниязов қатысты.

Кеш жүргізушісі Марғұлан Ақан алғаш сөз кезегін жарық көріп отырған «Алтын ұя» журналының бас редакторы Айбек Шегебайға берді. Айбек өз кезегінде журнал мазмұнын таныстырып өтті.

Журналдың тұсаукесер рәсімін ҚазҰУ-дың тәрбие жұмыс департаментінің директоры Меңдігүл Сағатқызы атқарды.

ҚазҰУ-дың тәрбие жұмыс департаментінің директоры Меңдігүл Сағатқызы:

- ҚазҰУ – білім мен өнердің қара шаңырағы. Осындай игі бастаманың қолға алынғанына қуанып отырмын. Журнал өте мазмұнды. Осы жолдан таймай, ҚазҰУ-дың тарихы, тыныс-тіршілігімен байланысты журнал болса екен деймін. Шығармашылық топқа алғыс білдіремін, – деді.

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Гүлмира Қазыбек:

- Бұл журнал студенттердің рухани танымын арттыру үшін қажет. Бұл журнал – бір ғана факультеттің журналы емес. Аты айтып тұрғандай Алтын ұямызға ортақ журнал. Біз факультет тарапынан қолдау көрсетеміз. Журналдарың өміршең болсын. Өз оқырманын тапсын – деп тілеулестік білдірді.


Бұл журнал студенттердің ыстық ықыласы мен бұлақ көрсе көзін ашуға ұмтылатын ұлағатты ұстаздарымыздың ой-арманының ұштасуының нәтижесінде жарыққа шықты.

ҚазҰУ секілді талай марғасқалардың қанатын қомдап, қияға ұшырған оқу ордасында оқытушылардың ұйымдастыруымен жарық көріп жүрген бірлі-жарым «Хабаршы», «Абай» журналдарының болғаны белгілі. Филология факультетінің бір топ студенттері «студенттердің төлтума журналы неге болмасқа?» деген сұрақтың негізінде барын бағамдап, жоғына іздеу салатын «Алтын ұя» атты журналдың шығуын қолға алған екен. Журнал шығару мәселесін көтеріп, ой ұшқынын тұтандырған, филология ғылымдарының докторы, доцент Күлаш Ахметова және рухани тұрғыда қолдау білдіріп, қаржылай демеушілік жасаған, факультет деканының ғылыми-инновациялық жұмыстар мен халықаралық байланыстары жөніндегі орынбасары Жұлдыз Есімова екенін атап өткіміз келеді.

«Алтын ұя» журналы ай сайын үздіксіз жарияланып отыратын, оқырман қауымды қызықтыратын көптеген айдарлармен қамтылған. Олар: университеттің бөлінбес бөлшегі факультеттер тарихынан терең сыр шертіп, оны әр қырынан таныстыратын «Факультет тынысы» айдары, болмысынан ерекше жаралған университет студенттері жайында қызықты мәліметтер беретін «Ең, ең, ең...» айдары, сол студенттер қатарынан есімі көпке танылмай жүрген дарынды да талантты студенттерді таныстыру мақсатында «Танылмаған талант» айдары, осы университетті тәмамдап жоғары лауазымға ие болған, бүгінде ел назарында жүрген аға-әпкелеріміз туралы толғайтын «Біздің студент...» айдары, ғылым мен білімнің негізгі ордасы болумен қатар, спорт саласындағы еліміздің үздіктері де университетіміздің қабырғасынан түлеп ұшқанын зор мақтанышпен таныстыратын «Спорт» айдары. Сонымен қатар, ұрпақ сабақтастығына үлкен үлес қосатын «Теңізден тамшы», «Ағашты діңі, адамды діні» айдарлары журнал беттерінен орын алады. Және де әр түрлі еркін тақырыптар жайында да жазылған. Журнал айына 1 рет жарық көреді. Жаңа журналдың ертеңі жарқын болсын!

Тұсаукесер кешінен:

Дайындаған және суретке түсірген: Нұржігіт Айдархан

Ш. Талап