«Алматы» университеті Панфилов және Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа ғимаратының ашылу салтанатын өткізді. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, ЖОО өкілдері мен эстрада жұлдыздары қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген университет ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы университеттің жаңа оқу ғимаратының ашылуымен құттықтап, 18 жылдық тарихы бар оқу ордасының өткені мен бүгіні, келешегі туралы сөз қозғады.
- Бүгін біздің университет үшін айтулы күн. Олай деуіміздің өзіндік себебі де бар. Біздің университетіміз қанатын кеңге жайып, тағы бір жаңа ғимаратпен толықты. «Алматы» университеті – соңғы жылдары елімізде жүргізілген ЖОО оңтайландыру саясаты негізінде іріленіп, заманауи өзгерістер талабымен оңтүстік астанамыздағы жеке меншік оқу орындарының көшін бастауға ұмтылған білім ордаларының бірі болуды көздеп отыр. 18 жылдық тарихы бар университет өзінің құрылған күнінен бастап, қазіргі таңға дейін мыңдаған мамандық иесін шығарған киелі шаңырақ. Біздің университетті бітірген мамандық иелері республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі салаларда қызмет жасап, қоғам дамуына өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда, Алматы университетінде 30 бакалавр, 11 магистратура, 2 PhD докторантура мамандықтары бойынша білім беріледі. Өзіндік білім беру жүйесінде, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі қалыптасып келе жатқан жоғары оқу орны алыс-жақын ТМД мемлекеттерімен байланыс орнатып, академиялық ұтқырлықпен Корей Республикасы, Түркия, Украина, Ресей, Қытай, Болгария, Кипр, Литва, Қызғыз мемлекеттері университеттерімен тығыз қарым-қатынаста. Бұның бәрі жас білім ордасы үшін үлкен жетістік екендігін айтып өткеніміз жөн. Жаңа ғимараттың ашылуымен университтің оқытушы-профессорлар құрамын, сонымен қатар білімге ұмтылған студенттерді құттықтаймын, - деп атап өтті.
Ректордың құттықтау сөзінен кейін салтанатты түрде жаңа оқу ғимаратының лентасы қиылды. Одан әрі концерттік бағдарламаға жалғасты. «Алматы» университетінің ұжымын арнайы құттықтауға келген Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Гүлмира Ақүрпекова мен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті Өнер және мәдениет факультетінің деканы Гүлнұр Өмірбаева әсем дауыстарымен кезек-кезек әннен шашу шашты.
«Жігіттер» квартетінің солисі Айдар Тұрғанбек пен эстраданың жарқын жұлдызы Серікбол Сайлаубек сахнаға шыққанда студенттердің құрмет-қошеметі ерекше болды. Алматы университетінің студенттері де өз өнерлерін ортаға салды. Университеттің 1 курс студенті Жангирбаева Асемай мың бұралып билесе, 3 курс студенті Муратова Алтынай ән салды. Ашылу салтанатына арнайы шақыртумен келген ментальды арифметикадан ІІ Республикалық олимпиаданың абсолютті чемпионы Байжақып Марғұлан да өз өнерін көрсетті. Концерттік бағдарлама аяқталған соң университет ұжымы мен студенттер жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. Заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған дәрісханалар, зертханалар, интерактивті және мультимедиялық кабинеттер көпшіліктің көңілінен шықты.
Жолдаған: Алмас Найманбай