Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасында елбасы: Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. ...Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азамат болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек деген болатын. Мұндай салмақты ой, ауқымды жоба білім беру орындарына ерекше жүк артады. Мемлекеттік білім беру жүйесінің тірегі, ұлттық көшбасшы ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру үдерісіне белсенді түрде қосылып, нақты идеялар мен жобалар ұсынуды қолға алды. Университет ректоры, академик Ғ.Мұтанов Беларуссия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ғылыми-білім беру консорциумының қызметін үйлестіру жөніндегі жұмыс комиссиясының VI отырысында 4.0 университет үлгісін ұсынды. Адамның адам, қоғамның қоғам болып қалыптасуына тікелей жауап беруші білім беру жүйесі. Білім жүйелі берілуі үшін оның элементтері бірбірімен тығыз байланысты болып, үндесіп жатуы тиіс. Ал алынған білімнің сандық түбіндегі бөздей сарғайып жатпай, пайдаға асып, алдымен иесіне нанын тауып жейтіндей кәсіп беріп, одан ары қоғамға, адамзатқа пайдасы тиіп, мемлекеттің дамуына үлес қосуы тиіс екендігі бәрімізге мәлім. Мектепте 11 жыл, жоғары оқу орнында 4 немесе 6 жыл білім алып, сол білімін пайдаға асыруға келгенде сең соққандай болатын түлектер қаншама. Мемлекетіміздегі 180 жоғары оқу орны жыл сайын даярлап шығаратын сан мыңдаған түлектердің барлығы дерлік жұмысқа орналасып кете алмайтыны белгілі жайт. Бір орында тұрмайтын ақпараттық технология заманы, жоғары бәсекелестік, жұмыс берушілердің қатаң талаптары жас маманның өмірден өз орнын табу жолында кездесетін қиындықтарының басы ғана. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының беделі мен салмағы оқытып шығарған түлектерінің санымен емес, сапасымен бағаланып, өлшенетін болды. Университетті аяқтаған жас маман: іргелі білім қорын жинақтаған, заман ағымына ілесе алатын, жан-жақты болумен қатар, креативті, командада жұмыс істей алатын, батыл шешімдер қабылдап, жауапкершілікті мойнына ала білетін тұлға болуы қажет. Мамандарға қойылатын талаптардың күшеюі өз кезегінде жоғары оқу орындарының мақсат-міндеттерін де қайта қарауын қажет етеді. Ерте замандағы университеттердің миссиясы тек біреу: білімді сақтап, белгілі бір әлеуметтік деңгейді құру болды. Кейін олар ғылыми зерттеулер жүргізу міндетін де қосып алды да, екі бағытта жұмыс жүргізе бастады: жаңа білім енгізу және студенттерге сол білімді меңгеру техникасын үйрету. Өткен ғасырдың аяғында университеттердің өздері орналасқан қала, мемлекет, ел экономикасының дамуына көмек беріп, болып жатқан процестерге етене араласып, түлектерінің болашақта барып жұмыс істейтін салаларының өзгерістерінен хабардар болып отыру қажеттілігі туындады. Мемлекет жоғарғы оқу орындарының экономиканы дамытуға салмақты үлес қосып, жаңа технологияларды құру, толыққанды жоғары интеллектуалды өнімдер даярлауын талап етіп отыр. Мұндай университеттер кәсіпкерлік немесе 3.0 университет деген атауға ие болды. Ал 4.0 университет моделі бойынша жоғарыда аталғандарға: әлеуметтік жауапкершілік, рухани-адамгершілік компоненті қосылады. Әрбір университет өзінің миссиясы, мәдениеті, дәстүрі және стратегиялық жоспарына сай жұмыс істейді. Қазақ Ұлттық университетінің оқытушы профессорлары құрамы университет 4.0 моделіне көшу жолында ұйымдасқан түрде жұмыс жүргізуді міндетке алды. Осыған орай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 18-19 қаңтарда Қоғамдық сананы жаңғыртуда жоғарғы оқу орындарының рөлі: Университет 4.0 моделіне көшу атты ғылыми-әдістемелік конференция өткізеді. С.С.Ыбырайымова, ЖОО дейінгі білім беру факультетіС.Қ.Тапеева, З.И.Сулейменова, Механика-математика факультеті