Ұлттық әдебиеттегі ұлықтауға лайық әйелдер

Ұлттық әдебиеттегі ұлықтауға лайық әйелдер
Фото: BilimLand.kz

Әлі күнге дейін батырлық дастандар мен ғашықтық жырларда кездесетін, ақыл-парасатымен, көркімен тамсандыратын ару бейнесі қарапайым адамдармен қатар ақын-жазушыларымызға да үлгі болып келе жатыр. Әрине, ана сыйлаған халық болғаннан кейін бұл заңды да. Десек те, әдебиет лиро-эпостық жырлармен тоқтап қалған жоқ.

Ұлттық әдебиетіміздің өрлеу дәуірі ХХ ғасыр болса, сол кезеңнің өзінде қаламгерлеріміздің шығар­маларына арқау болған қаншама қазақ қызының бейнесі сомдалды. Қазақ ро­манистикасының өзі әйел бейнесінен, оның қайғысы мен мұңын суреттеуден бастауын алады (Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал»). Осылайша, сол за­ман­дағы әйелдер теңсіз­ді­гімен күресті жазушылар бастап кетеді.

Одан кейін әдеби шығар­малар аренасына еңбек озаттары, атқарған ісі арқылы белгілі бір жетістікке жет­кен қаһарман әйелдер бейнесі шығады (Бейімбет Майлин «Раушан коммунист»). Әдебиетіміздің алыптары Мұхтар Әуезов Ұлы Абайдың әжесі мен анасын суреттеу арқылы, Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» романын жазып, тарихта болған әйелдердің бей­несін шығармаларына көшіреді. Олардан бөлек, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романының бас кейіпкерінің бірі – Меңтай бейнесіне оқырмандардың талайы сүйсінеді.

Жазушылармен қатар ақындар да әйелдер бей­несін өлең, поэмаларында ұлықтайды. Олардың арасында белгілі композитор Әбілахат Еспаев әнге айналдырған Садықбек Адамбековтың «Маржан қыз» өлеңі бар. Ән махаббат лирикасы тақырыбында болса да, өнер зерттеушілері әннің прототипі Маржан есімді озат жылқышы болғанын айтады.

Сондай шығармалардың біріне халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның иегері Абзал Бөкен­нің 1977 жылы жазылып, сиясы кеппей жатып «Жалын» баспасының жабық конкурсында үшінші бәйгені алған «Сейіткүл» дастанын да қосуға болады. Онда аға шопан болып жұмыс істеген Сейіткүл Тұрсынбаеваның ақтүтек боранда бір отар қойды сақтап қалған жанқиярлық ерлігі баяндалады.

Біз келтірген аз ғана мысалдың өзінен қазақ әдебиетінде әйелдер бей­несі үлкен рөлге ие екені көрінеді. Ал, біз айтпай кеткен әйел-кейіпкерлер қаншама. Бірақ, ары қарай білгішсінбей-ақ қояйық. Бізге керегі, қазірде сиреп кеткен оқыр­ман­дардың қозғап отыр­ған тақы­ры­бымызға қосар пікірі. Сол мақсатпен бірнеше адамға «ұлттық әдебиетімізде ұлықтауға лайық әйелдер бейнесі бар ма?» сұрағын қойған едік. Жауаптары мынадай болды.

Жүкел ХАМАЙ, ақын, аудармашы:

– Шынайы әйел бейнесін қазақ әдебиетіне көшіру үрдісі тымәріден бастау алған. Құртқа, Жібек, Еңлік, ЕстайдыңҚорланы, Ақан серінің Ақтоқтысы,  соған жалғас Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегі, Мағжанның Гүлсімі, т.с.с. Осылардың барлығы қазақ қызынұлт анасын, қазіргі тілмен айтқанда, қазақ әйелдерін қастерлеуден, оған сүйіспеншіліктен туған бейнелер болатын.  Өкініштісі, Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуынан» кейін, Сәбит Мұқановтың «Ботагөзінен» бастап қазақ аналары шолақ шашты белсенділерге айналды.

Соңғы кезде осы олқылықты орнына келтіру үшін еркін ойлы жастардың қазақ анасының бейнесін қайтақалыптастыруға ұмтылыс жасап жүргені қуантады. Мысалы, Дәурен Қуаттың «Мүйіз тарағындағы»Ұлт анасы – өте сәтті шыққан бейне.

Арнұр АСҚАР, журналист: 

– Мен қазақ әдебиетіндегі ұлықтауға лайықты ана, әйелбейнесінің бірі ретінде Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романындағы Айшаның образын айтар едім. Мұхтар Әуезов,Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматовтар жасаған ананың,қазақ әйелінің, арудың бейнесі сияқты, Шерханның анасы да оқырманның көкейінде асқақ, адал, сұлу, қайратты адам ретінде орныққан. Айшаның бойында – 37-нің зобалаңында жарынан айырылып жесір қалған, аштық пен жоқтықта шиеттей балаларын ер жеткізген қазақ аналарыныңқайсарлығы, ақыл-парасаты бар. Айшаның өмірін оқып, Шерхан-Барсханның қандай анадан туғанын түсінесіз.

Романда айтылғандай, «үш үрпек балапанын қырға да сүйреп, ойға да сүйреп, Мұртазасын күткен» Айшаның бейнесі өте шынайы. Себебі, бұл автордың ой-қиялынан туған образ емес, өмірде болған адам ғой. Айша сол замандағы қазақ әйелдерінің, аналарының көпшілігімен тағдырлас. Айшаның перзенттері үшінотқа да, суға да түсуге даяр махаббаты, керек кезінде қаталдық танытатын қайсарлығы, мойымайтын қайраттылығы қазіргі қоғамда да идеал болуға әбден лайықты деп ойлаймын.

Жазыбек ЕШТАНАЕВ, мұғалім:

– Мен үшін «Абай жолындағы» Зере, Ұлжан бейнелері нағызқазақәйелінің үлгісі саналады. Осылар жайлы айтқанда, Абайдың әжесі мен анасынан бөлек арғы атасы Айдостың бәйбішесі Айпара ана қандай еді!

Әрине, сұрағыңызға орай есімі ел ұранына айналған Домалақ пен Қарқабат, ақылы ханның өзін жаңылдырған Қарашашаналарымыз да еске түседі. Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы аналар галереясы, Мұхтар Шахановтың «Танакөзі», Есенғали Раушановтың «Ғайша бибісі» қандай!

Ақын болсын, жазушы болсын шығармасына негізінен өз өмірінөз басынан кешкенді түсіретіндіктен, олардың бейнесін де өздері жазған дүниелерден көре аламыз. Мысалы, кеше ғана дүниеден өткен Фариза Оңғарсынованың өр бейнесі өлеңдерінде атойлап тұр. Оның соңынан қаулап шыққан ақын қыздардың жырларынан үлгі тұтуға боларлық мінезді байқап қаламыз.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

astana-akshamy.kz

@. @assel_assanova