Данагүл (шамамен 1720-1790) – Төле бидің келіні. Әкесінің есімі – Алакөз. Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Сиқым тармағынан шыққан. Данагүл жастайынан өте ақылды, ізетті болып өседі. Төле би Данагүлдің ізеттілігін, ақылдылығын байқап, қолына келін етіп түсіреді. Данагүл би ауылына келін болып түсісімен ақылдылығы, тапқырлығы арқылы ел аузына ілігеді.
Бірде Төле би Мойынқұмдағы елдің дау-дамайын шешіп, ауылына қарай төтесінен жол жүремін деп, жолай бір топ қарақшының қолына түседі. Сонда Төле би: «Әй, сендерге керегі мал ма, жан ба, жан керек десеңдер, қинамаңдар, тез өлтіріңдер, мал керек десеңдер, алдарыңа айдатып әкелдірейін, бізді босатыңдар» дейді. Қарақшылар: «Бізге мал керек» дейді. Сонда Төле би: «Менде мал көп, бай адаммын. Бірақ сендер сенбейсіңдер. Сондықтан біреуің менің атыма мініңдер, киімімді киіңдер, мен хат жазып жіберейін» дейді. Хатты бұлай жазады: «Кенже ұлыма құда түстім. Соған 40 құнан атан, 20 бура, 8 ақбас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер. Бұған қоса оң босағамда тығулы алтынымды, сол босағамдағы күмісімді қоса беріңдер». Қарақшылар екі жігітті бөліп шығарып, олар би ауылына жетеді де, осы хатты тапсырады. Ауыл адамдары бидің бұл хатын түсіне алмай, қатты дал болады. Сонда Данагүл былай дейді: «Жоқ, би атам 40 қарақшының қолына түскен екен. 40 құнан атан дегені – 40 мықты жігіт, 20 бура дегені – 20 палуан, 8 ақбас ата дегені – 8 ақсақал кісі, ал атаған алтыны мен күмісі – баласы және келіні – мен ғой. Қой, тез жетіп, би атамды құтқарайық».
Сөйтіп, Данагүлдің ақылымен хатта көрсетілген малды екі қарақшының өзіне айдатып, олардың соңынан 40 жігіт, 20 палуан, 8 ақсақал, әрі Төле бидің баласы және келіні Данагүл көрінбестен қоса еріп отырады.
Осылайша, бұлар Төле би мен оынң серігін күштеп босатып алады. Қарақшылардың өздерін байлап-матап тастайды. Алайда Төле би ботадай боздап, зар илеген қарақшыларға кешірім жасап, оларды адал еңбек етуге шақырады. Қарақшыларды өз ауылына әкеліп, түйесін, жылқысын бақтырады, егін еккізеді, сөйтіп, түзу жолға салады. Осы оқиғадан соң, Данагүл атағы елге жайылған.