Мен сыйға тартқан орамал

Мен сыйға тартқан орамал
Фото: aqoramal.kz

Орамал – нәзік сезімнің символы. Орамал – жаны нәзік жаратылған болмыс иелерінің, от анасының басындағы байрақ. Орамал – кие мен серт. Ол туралы біз не білеміз?

«Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, ахау, Орамалы тұрады бес жүз жорға»,- деп әнге қосқан қазақ бастағы орамалды қаншалықты бағалағанын  ән тармақтарымен аңғарта алса керек. Халық арасында орамал тарту жастық ерекшеліктері бойынша қатаң сақталғанын да байқауға болады. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар атауларының дәстүрлі жүйесі» деп аталатын энциклопедиясында: «Қыз бала орамал тартпаған. Қыз ұзатылып, келін болып түскенде беті ашылғаннан кейін үлкен енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салған. Сонымен қатар, дәстүрлі ортада жас келінге сәукелесінің артында тұратын орамалын да салған. Оны желек деп атаған. Желектің түсі көбінесе қызғылт, қызыл, қызыл күрең өңді болып келген. Жас келін үлкен кісілердің алдында бетін желегімен көлегейлеп сөйлесетін болған. Балалы болғаннан кейін келіншек желек орнына кимешек киген. Сонымен қатар, жас келіншектерге ашық түсті, гүлді орамал салуға рұсқсат етілген»,- деген деректер келтірілген.

Әйел адамның басына тартатын ақ түсті орамалын ақ жаулық деп те атайды. Халқымыз бас киіміді құрмет тұтқаны секілді, орамалды да киелі деп есептеген. Орамалды жас келінге үлкен ененің салатынында да зор мән жатыр. Мұнда ұлтымыздың От-анасы деген ұғымы қылаң береді. Бұрынғы от-анасы, әулетке келген жаңа мүшеге «байрақты» табыстап, аманат етеді деген сөз. Сондықтан тұтынған, басқа тағылған орамалды бөгде адамға сыйға тартуға болмайды. Орамал аяқ астында жатпайды, оны басып кетуден қатты секем алатын болған. Тіпті араздасқан адамдар орамалдың киесіне тоқтайтынын да айта кеткен жөн. Мәселен, алып қашып келген қыз көнбеген жағдайда үлкен (отанасы) әжелердің орамалын шешіп ортаға тастайтынын есіңізге түсіріңіз.

Бұрындары әйел адамға орамалсыз жүруге тиым салынған. Орамалсыз жүрген әйелдің иманы басынан қырық қадам алыс жүреді деп есептелген. Сонымен қатар, емізулі баласы бар әйел орамалсыз бала емізсе, қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді деген наным бар. Ондай бала есейгенде мәңгүрт болып, анадан безеді, қайырымсыз болады деп ұққан. Орамалдың ғұрыптық мәні зор. Ақ түсті орамал қуанышты, жақсылықты аңғартса, қара орамал қайғы-қасіретті білдірген. Отағасы қайтыс болғанда жиналған әйелдер марқұмның әйелі мен қызының басына қара орамал тартқан. Осыған орай Ә.Диваев: «Қайтыс болған адам егде болса әйелі қара орамал салмайды. Орта жаста болса, қара түсті, жас жігіт болса келіншегі қызыл түсті орамал салады»,- дейді. Жоқтаушы әйелдер қара орамалмен қатар, екі ұшы қайтарыла байланған орамал тартады. Мұны орамалды кері тарту салты деп атаған.

Халықтық ортада ер балалар да сәндік үшін басына шыт байлаған. Бірақ ол орамал емес. Оны байламша деп атаған. Ең бастысы, орамал сыйлық, жол тарту ретінде маңызды қызмет атқарған. Оны үлкен кісілерге көбінесе көйлектік бұлмен (матамен) бірге қосып береді. Осыған орай халық тілінде «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады»- деген орамды сөз қалыптасқан. Ормалдың басқа тағар байрақтық мағынасынан өзге тағы бір мәнге ие сипаты бар. Ол орамалдың бет пен қол сүртуге арналған мата ретінде пайдаланылуы. Шаршы, қиықша пішінді төрбұрыш майлық, сулық, бет сүртуге арналған матаны да орамал деп атаймыз. Халықтық ортада майлық пен сулық орамалдарды кестелеп әшекейлеген.

Шетінде шай орамал, күміс жүзік, Қуантқан сүйген жардың сөзі келді- орамал сезім білдірудің тамаша символы бола білген. Қыздар ұнатқан жігіттеріне кестелі бет орамалдар мен орамал шетіне түйілген жүзіктерін тарту еткен.

Ал ұзатылған қызынан орамалға түйілген құстұмсық жүзік келсе, ата-анасы қызының барған жерінде жағдайы жақсы екенінің белгісі ретінде бағалап, қуанған. Сонымен қатар, ұзақ жасап, бақ-дәулет қонған адам өмірден өткенде жыртыс, беторамал тарату салты бар. Кейде беторамалдың шетіне тиын түйіп таратады. Бұл қайтқан адамның жақсылығы жұғысты болсын деген ырымнан туған. Ол орамалдарды жыртыс, тәбәрік деп атаған. Байқағанымыздай бір ғана орамал сөзінде бірнеше символдық қабат бар. Сезім білдірудің символы, жас келін үшін жаңа өмір басталғандығының символы. Бір әулеттің байрағын құлатпай, отын өшірмей алып жүретін орамалды келіндеріміз көп болғай.
aqoramal.kz
@. @assel_assanova