«Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұстаз халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер.
Ағаштан, темірден, түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұратын өнер туындысы.
Назарларыңызға қазақ халқының қолөнерге қатысты ұғымдары мен түсініктерін ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Ұста – темірден заттар жасайтын шебер.
Зергер – асыл тастардан, алтын, күмістен бұйымдар жасайтын щебер.
Тігінші – киім тігетін шебер.
Үйші – киіз үй сүйектерін жасайтын шебер.
Етікші – аяқкиімдер тігетін шебер.
Өрімші – қайыстан ат әбзелдерін жасайтын шебер.
Ерші – ер шабатын, шеберлердің тілімен айтқанда, «ер қосатын» адам.
Ағаш шебері – ағаштан заттар жасайтын шебер.
Бәдізші – тастан түрлі пішіндер, заттар жасайтын шебер.
Тоқымашы – тоқыма бұйымдарын жасайтын шебер.
Миясар – өнердің бірнеше түрін игерген шебер.
Ара – ағаш, темір кесетін тісті аспап.
Асқақ темір – бір аяғы ұзын, бір аяғы қысқа циркуль тәрізді өлшеуіш әрі ою салатын құрал.
Бақауыз – темірді соққанда ұстайтын тіссіз аспап.
Балға – соғатын, қағатын аспап.
Бұрғы – ағаш тесетін құрал.
Біз – етікші құралы.
Жонғы – ағаш қабығын жонатын құрал.
Ине – тігін құралы.
Жуалдыз – үлкен ине.
Көземел ине – көзі үлкен ине.
Инелік – ағаштан, сүйектен жасалған ау тоқитын құрал.
Тебен – қалың бұйымдар (текемет, киіз) тігетін үлкен әрі жуан ине.
Егеу – темір егейтін құрал.
Мәймөңке – ұшы қисық ине. Терме жібін теретін қайқыбас кішкентай ағаш.
Сыдырғыш – өрімшінің өрімді тегістейтін сүйектен, қатты ағаштан жасалған құралы.
Сабау – жүн сабайтын ұзынша жіңішке ағаш.
Сояу – талдырма киіздерді жөрмейтін, тігетін сүйектен, ағаштан жасалған иненің бір түрі.
Сүргі – терінің көк етін алатын, ағашты тегістеп өңдейтін құрал.
Кескір – темір кесетін құрал.
Көрік – ұстаның шоқ үрлейтін құралы.
Кемпірауыз – қышқаштың бір түрі, ұста құралы.
Қышқаш – өңделетін, жасалатын затты тістеп тұратын құрал.
Қайрақ – құралдарды өткірлеу үшін оның жүзін қайрайтын тас.
Қашау – темірден жасалған ағаш оятын құрал.
Қазиек – соғатын, қыздыратын темірді ұстайтын құрал.
Қуысқұлақ – жүзі қуыс ағаш оятын құрал.
Қалып – етікші құралы, ағаштан жасалған аяқ үлгісі.
Қайшы – мата қиятын тігінші құралы.
Темір қайшы – қаңылтыр қиятын қайшы.
Түрпі – ағаш мінін алатын бұдырлы темір құрал.
Тескіш – темір, қаңылтыр тесетін ұшты құрал.
Ырғақ – тезден шыққан ағаштарды үлгіге келтіретін қарапайым қалып ретіндегі құрал.
Қақсал ағаш – әбден кепкен, үй жасауға жарамды ағаш.
Мор – қақсал ағашты жұмсарту (балқыту) үшін жасалатын пеш.
Обын – үй ағашын жұмсарту үшін жер астында жасалатын пеш.
Қоз – ағашты жұмсарту үшін от жағатын орын.
Тез – мор, обын, қоздан жұмсарып шыққан үй ағашын түзететін немесе иетін үйші құралы.
Сықаурын – тездегі ағаштың қисығын жамбасқа салып түзететін өте қатты ағаш.
Талқы – кепкен теріні, көнді, сіріні ұйысқан жүнді жұмсартатын ағаштан жасалған құрал.
Үскі – көк (таспа) өткізу үшін кереге тесетін құрал.
Түйебел – ши тоқитын құрал,"ши құрғыш" деп те атайды.
Сарнауық – керегеге сызық салатын темір аспап.
Тістеуік – шеге суыратын темірден жасалған құрал.
Төс – пайдаланылатын темірді салып таптайтын салмақты, берік темір тұғыр.
Оймақ – тігіншілердің, етікшілердің саусағына киетін ойық темір.
Тері оймақ – теріден жасалған оймақ.
Қож – ұсталардың көмір салатын сүйектен жасалған қалағы.
Ұршық – жіп иіретін құрал. Оның қаңғалағы, яғни басы, және сабы болады. Сабында бұрмашасы болады.
Ілдіргі – ағаштан, сүйектен, темірден жасалатын тоқымашы құралы.
Пышақ – кесетін құрал.
Шот – ағаш шабатын құрал.
Нәскүрік – ағашты тегістеп жонатын құрал.
Тігін машинасы – тігіншінің бас құралы.
Іскенже – темірді қысып тұратын бұрама ауызды құрал.
Өрмек – алаша, басқұр, қоржын т.б. тоқитын көптеген бөліктерден тұратын күрделі тоқыма құралы.
Термелі өрмек – кілем тоқитын құрал. Бұған, жалпақ тоқыма бұйымдары тоқылады.
Жәй өрмек – енсіз құр, бау, терме, басқұр сияқты бұйымдар тоқитын құрал. Ол бірнеше бөліктерден тұрады.
Қазық – желі және өрмек өрісі үшін қажет қазықтар.
Кергіш қазық – өрмек өрісін алдыңғы жағынан керіп тұратын қазық.
Күйеу қазық – "жетім қазық", өрмекті арт жағынан керіп тұратын қазық.
Мосы – арқалықты көтеріп тұратын үш бұтты құрал.
Адарғы – өрмек ерісінің астыңғы және үстіңгі беттерін айқастыратын ағаш құрал.
Серу ағаш – өрмек өрісі енін, жіптерін бірдей етіп ұстап тұратын құрал.
Жүгіртпе – арқау жібін өткізіп тұратын құрал.
Қылыш – адарғыдан кейін арқау жібін тығыздайтын қылыш тәрізді ағаш.
Бақылау жіп – өріс жіптері шатыспау үшін қолданылатын бөлек жіп.
Тергіш – өрнек шығару үшін түрлі түсті жіптерді теретін (іріктейтін) ағаш құрал.
Еркек жіп – күзуде тұрған желі жіптерінің үстіңгі беті.
Ұрғашы жіп – астыңғы беті.
Шатыс – еркек және ұрғашы жіптердің адарғы арқылы айқасуы.
Тарту жіп – күзуді қозғалмау үшін қатты тартып, бекітіп қоятын мықты жіп.
Арқау – тергіштен кейін шатысты ұстап қалатын, жүгіртпеге оралған арқау жіп.
Алқа – омырауға тағатын, көбінесе күмістен соғылатын әйелдердің сәндік, әсемдік бұйымы.
Білезік – білекке салатын, күмістен, алтыннан соғылатын әйел бұйымы. Жасалуына қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сағат білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, қос білезік т.б. атаулары бар.
Бес білезік – алтын, күмістен, асыл тастардан көз орнатылған, күміс шынжыр арқылы бес сақина бекітілген аса қымбат білезік.
Балдақ – алтынна, күмістан соғылған жұмыр сақина.
Жүзік – қымбат тастардан көз орнатылған, саусаққа салатын сақина. Оның еркектер де, әйелдер де салатын түрлері болады.
Моншақ – түрлі тастар мен шыныдан жасалған, жіпке тізілген, мойынға, қолға салатын, киімге тағатын сән бұйымы.
Талмоншақ – бірнеше қатар тізілетін моншақтар.
Тұмарша – сәндік үшін омырауға тағатын үшбұрышты, салпыншақты күміс бұйым.
Маңдайша – сәулке т.б. киім маңдайына тағатын, көз орнатылған күміс бұйым.
Сақина – саусаққа салатын, әртүрлі үлгіде күмістен, алтыннан т.б. металдан соғылатын бұйым.
Танакөз – шар тәрізді күміске тастан көз орнатылған түйме тәрізді сәндік бұйым.
Өңіржиек – салпыншақтар тағып, үзбелеп жалғаған, омырауға сән беретін, түрлі түсті тастардан көз орнатылған әсемдік алқалар тізбесі.
Үкіаяқ – үкі тұяғына ұқсатып, күмістен соғатын, төменгі жағына бірнеше салпыншақтар тағылған бұйым.
Көз отаға – күміске орнатылған бармақтай асыл тас. Бас киімге, батырлар дулығасына қадалған.
Кемер белбеу – негізі былғарыдан тігіліп, алтын, күміс әшекейлі, былғары бұйым.
Оқшантай – ішіне шағын зат салатын, кемер белбеуге өткізілген әшекейлі былғары қалта.
Қапсырма – әйел қамзолына тағылатын, түйме қызметін атқаратын жалпақ күміс бұйым.
Шекелік – сәукеле, тақия т.б. баскиімге тағылатын бұйым.
Шаштеңге – қыздардың өркілген шаш ұшына тағылатын, жібек бау өткізілген күміс бұйым.
Шолпы – шашқа тағатын, қымбат бағалы, сылдырмақты бұрым сәнін келтіретін, алтынна, күмістен жасалатын бұйым.
Шашбау – қыздар тағатын, қымбат бағалы, сылдырмақты бұрым сәнін келтіретін, алтыннан, күмістен жасалатын бұйым.
Шашқап – шашты күннен, шаң-тозаңнан қорғайтын, қымбат матадан жасалып, сырты түрлі моншақ жапсырмалрмен безедірілген бұйым.
Сырға – құлаққа тағатын сәнді асыл бұйым. Оның сапасына, құрамына сай көптеген түрлері болады.
Аттарақ – жылқының жіліншігін жарып, жұқалап, оны егеп, тіс салып жасаған ағаш сабы бар тарақ.
Білезік – сиыр мүйізінен жасалатын, сырты жалтыр, түрлі ою-өрнектер салынған бұйым.
Бұғышақ – аңшылардың түрлері үн шығаратын, мүйізден түтік қойылған үрмелі дыбыс құралы.
Дойбы – бақайшық, қызасық және жіліншік басының түбін егеп, баяп жасаған тастар. Сондай-ақ бұған ірі балық омыртқаларын да қолданады.
Жебе – жылқының жіліншік сүйектерінен жасалған садақтың ұштары.
Зымырауық – ортан жіліктің жұмыр басын ортасынан тесіп, ағаш өткізген балалар ойыншығы.
Сауыт – қақтаған мүйізден құралған, қздардың ине-жібін салатын бұйым.
Сыбызғы – мүйізден, қаздың, тырнаның ортан жіліктерін өңдеп, кептіріп, әр жерден тесіп жасалған үрмелі аспап.
Сырға – сиыр мүйізінен әшекейленіп, өрнектеліп жасалған әсем бұйым.
Сояу – киіз, жабағы тігетін, сүйектен жасалған тебен.
Сүргі – тері шелін сыдыратын сүйек құрал.
Тарақ – сиыр мүйізінен жасалған тісті зат.
Тастұяқ – жылқы тұяғын қайнатып, ішкі сүйектерін алып тастап, өңдеп, оюлап, өрнектеп жасаған, бау тағылған саз аспабы.
Тоқуыш, ілмек, ілдіргі – кәрі жіліктің шыбығының үшкір жағынан ілдіргі жасап, жүннен тоқыма бұйымдарын тоқитын құрал.
Тіс шұқуыш – малдың, құстың сүйектерінен жаңқаланып, жұқалап егеліп жасалынған зат.
Түтік – ұсақ малдың немесе құстардың жіліктерінің екі басын кесіп жасалынған заттар. Оның местің, торсықтың аузынан өткізсе, ыдысқа сұйық құюға ыңғайлы болады.
Қамшы сабы – киіктің терісімен кептірілген сирағынан жасалған сап.
Қалақ – ірі малдың жауырын сүйегінен жасалған көмір, құма салатын шеберлер құралы.
Қасық – сиыр мүйізінен жасалған, тамақ ішуге арналған құрал.
Ожау – арқар, сиыр мүйізінен істелген, қымыз сапыруға арналған сәнді құрал.
Киімілгіш – бұғы, арқар, киік мүйіздерінен, қой, ешкі бақалшықтарына жасалған киім ілетін зат.
Мүйізқақпай – ұрғашы сиыр мүйізінен жасалатын, соғу арқылы дыбыс шығаратын саз аспабы.
Ұстара – мал қабырғасын отқа күйдіріп, қырнап, өткірлеп жасалған шаш алатын пышақ.
Ұршық басы – ортан жіліктің жұмырбасын ортасынан тесіп жасаған зат.
Насыбай шақша – мүйізден, сүйектен жасалып, әр түрлі металдармен әдіптелген бұйым.
Шүмек – асықты жіліктің бір жағын кесіп, асықты жағының бүйірін тесіп жасаған, бесіктегі сәбиге арналған зат.