Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Оның ішінде, әсіресе, жүзіктің орны ерекше.
Жүзік – қымбат тастардан көз орнатылған дөңгелек пішінді бұйым. Бұл дөңгелек пішіннің жүзік, сақина, балдақ деген жеке атаулары бар.
Қазақ халқы асыл тастардан көз қондырылғанын - жүзік, тасы жоқ, тек алтын не күмістен жасалғанды - сақина, көзі жоқ, шығыр түріндегісін - балдақ деп атайды. Олар соғу, қалыптау, ширату тәсілімен жасалып, сәндік үшін саусаққа салынады. Оны ер адамдар да, әйелдер де таға береді. Ерлер бір ғана қолына салатын болса, әйелдерге барлық саусақтарына екі-үштен салуға рұқсат етілген.
Ер мен әйелдің жүзік, я балдақ алмасуы шын сүйіспеншіліктің белгісі саналатын болған. Дәстүр бойынша, көзіне асыл тас орнатылған (кейде арнайы жазу жазылған) алтын, күміс жүзіктерді қыз-келіншектер, сал-серілер салса, жігіттер қауымы балдақты тарту еткен екен.
Қадым замандарда хан, би, болыстардың мөр, қолтаңба орнына қолданатын жүзіктері болды. Мөрлі жүзікке оймыштай салынған дұға, ру таңбасы да бейнеленген көрінеді.
Қазақстан аумағында жүзік жасаудың ежелгі замандардан бастау алатынына олардың археологиялық қазбалардан табылған үлгілері дәлел бола алады.
Жасалған материалдары мен түр-түсіне қарай жүзіктер мынадай болып аталады:
1. Құдағи жүзік
2. Күмбезді жүзік
3. Шытыралы жүзік
4. Бағдарлы жүзік
5. Лажылы жүзік
6. Көзді жүзік т.б.
Ал жүзіктің көзі үшін теңбіл тас, су тас, көк тас, құлпырма тас, құбыла тас, дүбіржат, жақұт, лағыл, жарқырауық тас, гауһар, ақ тас, янтарь секілді бағалы тастар пайдаланылған.
Сонымен қатар сақинаға қатысты төмендегідей атаулар пайда болған:
1. Ақық сақина – кішкентай ақық қолданылған сақина;
2. Алтын сақина – таза алтыннан жасалады;
3. Балдақ сақина – сақинаның саусақ үстіне қараған беті төртбұрышты келеді;
4. Бұрама сақина – алтын, күмісті есіп жасайды;
5. Жез сақина – саусаққа салу үшін емес, қамшы, найза, пышақ, қылыш сабын бекіту үшін дайындалады;
6. Кавказ сақина – қара-ала өрнекті сақина түрі;
7. Күміс сақина – таза күмістен жасалады;
8. Қола сақина – қоладан жасалған түрі;
9. Моншақты сақина – моншақ қондырылған сақина;
10. Құсмұрын сақина – үсті дөңестеу келген сақина түрі;
11. Мыс сақина – мыстан жасалған ортан қол сақина;
12. Неке сақинасы – жас жұбайлардың үйлену тойында бір-біріне салатын сақинасы;
13. Сақинек – пышақ, қылыш т.б. құралдардың сап жетесі сұғылатын жерін қысып тұру үшін мыс не күмістен жасалатын балдақ, кейде мойнақ деп аталады;
14. Сіркелі сақина – бетіне ұсақ түйіршіктерден сірке өрнек салынған түрі;
15. Тасты сақина – тас, шыны орнатылған түрі;
16. Темір сақина – темірден жасалған тығыршық немесе сақинек.
Бүгінде ерекшеліктеріне қарамастан сақина мен балдақ көбіне жүзік деп бір сөзбен аталып жүр.