- Негізгі бет
- Айтұмар
- Жауынгер қыз Жәнделі...
Жауынгер қыз Жәнделі
Қазақ халқының өз жеріне көз алартып, ел шекарасын бұзып кірген басқыншы жаумен шайқасқан соғыстар аз болмаған.
Мұндай жаугершілік заманда ерлермен бірге қыз балалар да қолына найза ұстап, атқа қонды. Жау түсіріп ту алған қаһармандық дәстүр қазақ қыздарының бойында атам заманнан болған. Сақ патшайымы Тұмардан басталып қыздар қатысқан, басшылық жасаған әскери жорықтардың бұлжымас қағидасы Жәнделінің өмірінен де көрініс тапты.
Тарихшы Ахмет Тоқтабайдың дерегінше, 1867 жылдары қызылаяқтар (манчжурлар алысқа жаяу жүруге шыдау үшін аяқтарын қызыл матамен таңып тастайтын болған, бір жағынан әскери белгісі болған, жез айылмен, ұзын найзамен қаруланған, офицерлері ғана атқа мінген. – А.Т.) осы сайды құлдай Зайсан көліне жетпекші болған. Сайдың тар шатқалында Жәнделі қыз бастаған қазақтар күні бұрын домалататын тастарға дейін әзірлеп, екі жақтан садақ оғын қарша боратып қарсы алған. Сайдың алды бекітілген. Ұзын найзалы (6 м-ге дейін жеткен) манчжурлар тар сайда ешқандай айла жасай алмай, бір-біріне соқтығып жеңіліске ұшыраған.
Сол кезеңді ғұмыр кешкен жауынгер қыздардың барлыған тән нәрсе – шағын әскери жасақты басқаратыны. Жәнделінің де әскері болған. Ол сарбаздарын: маңдайлы, оң қанат, сол қанат деп үш топқа бөлді де, Садырбай батыр бастаған топты тікелей шабуылға қосты. Қалың топ қиқулап алдыңғы шеппен араласып кетеді. Біреуі найзасын, екіншісі айбалтасын алып жауға шапты.
«Осы тұманың соңы бұлақ болып ағатын Жәнделі шатқалы дауыс жетер жерде жатыр, – деймін сапарластарыма. – Талай тарих осынау бөктерлердің астында нағыз зерттеушілерін күтіп, бұғып жатыр ғой…», – деп жазады белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаев «Аға» атты элегиялық эссесінде.
Дәл осы эсседе жер атауының қайдан, қалай пайда болғанына тоқталып, біз келтірген тарихшы А. Тоқтабайдың деректерін қайталайды.
«Сонда біздің елден шыққан он сегіз жасар Жәнделі есімді батыр қыз қол жинап, жауды осы шатқалдың екі жақ биігінен тосып алыпты. Саны көп, қару-жарағы басым қызылаяқтарды (ұзақ жүріске шаршамау үшін балтырларын орайтын таңғыштары қызыл шүберектен жасалғандықтан, осылай атаныпты) таудан домалатқан кесек тастармен қырып салыпты. Одан қалғандарын қылышпен қидалап, найзамен түйрепті. Сөйтіп, қару-сыз бейқам жатқан елді бағындыра қоямыз деп келген қытайлар мыңдаған шеріктерінің қанымен бұлақ суын былғап, қайта түріліпті… Жәнделі қыздың өзі де сол шайқаста шейіт болыпты», – деген деректер келтіреді.
Жәнделі қыздың сүйегін алысқа жетуге қимай, көш жолына жақын қойды. Батырды мәңгі есте сақтау үшін «Жәнделі қыз» деп сайдың атын беріпті. Маңырақ тауынан басталып, Зайсан көліне дейін созылған сайды халық осы күнге дейін «Жәнделі сайы» немесе «Қызылаяқтың қырғыны» деп атайды.
«Гүліндей жауқазындай нәзік жүзді,
Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды.
Азаттықтың аққуы – Жәнделінің
Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі».
Ақын Ноғайбайдың Жәнделі туралы өлең жолдары халық есінде жақсы сақталыпты.
Заңғар Кәрімхан