Жақында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірген «Фатима» толықметражды деректі фильмінің тұсаукесері өтті.
Бұл деректі фильм қазақтың үш ұлы тұлғасы – ағартушы Біләл Сүлеев, ақын Ілияс Жансүгіров және жазушы Мұхтар Әуезовтің музасы және өмірлік серігі бола білген Фатима Ғабитованың (1903-1968) күнделігі мен хаттарының негізінде жасалған.
Фатима Ғабитова өзінің күнделігін 1916 жылдан бастап жүргізген. Күнделікте өзінің ойлары және мәдениет қайраткерлерімен жазысқан хаттары арқылы жиырмасыншы ғасырда орын алған елеулі оқиғалар – 1916 жылғы көтеріліс, төңкеріс, азаматтық соғыс, Қазақстандағы сауатсыздықты жою науқаны, қазақ әдебиетінің дамуы, шығармашыл зиялылылар қауымының қалыптасуы, 1930 жылдардағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, 1940 жылдардағы «жылымық» көрініс тапқан.