Айғаным Сарғалдаққызы (1783 – 1853 ж.ж) – XIX ғасырдағы қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Абылай ханның келіні, Уәли ханның әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі.
Айғаным Есіл бойын мекен еткен отырған атақты Мәлім қажының ұлы Сарғалдақтың қызы. Кейбір деректер оны Әзірет Әлінің 43-ұрпағы деп көрсетеді. Айғаным әкесі Сарғалдақ Бұхарда оқыған білімді, әулие адам болады. Айғанымның өзі 6 тілді, соның ішінде араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін жетік меңгерген озық ойлы, алғыр болып өседі. Сол кездері орыс ақсүйектерінің сәніне айналған француз тілін де үйреніп, шығыс тарихы мен философиясын жатқа білген екен. Сол білімімен ол Уәлидің әйелі ғана емес, кеңесшісі, ішкі және сыртқы мәселелерді шешудегі бас ақылшысына айналған.
Ақылды да парасатты Айғаным күйеуі Уәли хан өмірден озғаннан кейін ел мүддесі үшін ел тізгінін ұстамасына болмай, ханның орнын басып хан сайланған. Айғанымның тұлғасы жайында С. П. Семенов-Тяншанский «Шоқанның әжесі, Уәли ханның жесірі Айғаным өз балаларымен бірге Ресейге айнымас адал дос болып қалды. Александр I Айғанымға қырғыз сахарасында үй салдыруға әмір еткен. Шоқан Уәлиханов сол үйде туған» деп жазса, Шоқан Уәлихановтың таңдамалы жинақтарында «Шоқанның әжесі Айғаным парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазып, байланыста болған. Архив мәліметтеріне қарасақ, Айғанымның қоғамдағы орны, саяси көзқарасы, ойлаған ой мүдделері өте ауқымды болғанын аңғарамыз» деген мәліметтер берілген.
Академик Әлкей Марғұлан тауып зерттеген Айғаным жазбаларының саны 100-ден асады екен. Сондай-ақ 1828 жылы Қызылжар қаласында Батыс Сібірді риквизициялауға келген сенат өкілдерімен кездесіп, жергілікті халықтың талап тілектері жазылған хатты үкіметке жібертуі сияқты оның еңбектері де деректерде молынан кездеседі.
Айғаным ханым – қазақ тарихында өз бетінше билікке қол жеткізген өз заманының қоғам қайраткері, ел басқарған хан, еуропаша білім алып, бірнеше тіл меңгерген, ұрпақ тәрбиелеген тәлімі мол ана, әже ретінде өз ізін қалдырған дара тұлға.