- Негізгі бет
- Айтұмар
- Бөрте - Шынғыс...
Бөрте - Шынғыс ханның ақылшысы
Бөрте – Шыңғыс ханның зайыбы, балаларының анасы, дана кеңесші әрі Шынғысханның ой таразысы.
Қоңырат руынан шыққан Бөрте – Шыңғыс ханның бәйбішесі, оның арқа сүйері, сенімді серігі. Бөрте өз жұбайың маңдайына біткен жұлдызы. Шығыс әйелі күйеуінің шаруаларына араласпайды деген көзқарас қалыптасқан емес пе? Ал іс жүзінде ше?
XII ғасырда өмір сүрген моңғол әйелдері, Шыңғыс ханның замандастары, ер адамдармен бірге қолдарына қару – садақ пен жебе алып, атқа мініп, мал баққан. Сондықтан Шыңғыс ханның анасы Оэлуннің «Мерген» деген лақап атқа ие болғандығы да тегін болмаса керек. Әміршілер көшпенді тайпалардың ежелгі заңдары бойынша бірнеше рет үйленіп, күңдерді (бас бостандығы жоқ, шапқыншылықтан, жаугершіліктен қолға түскен әйел) алған. Әйткенмен, Бөртенің орны бөлек.
Бөрте – Шыңғысханның бәйбішесі. Ұлы қолбасшы әйелі айтқан кеңестерге құлақ түрген. Бұл – тарихтан белгілі шыңдық. Сонымен қоса, билеуші Бөртеден туған 4 ұлын: Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлені өз мұрагерлері ретінде таныған. Олардың тікелей ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының негізін қалаған.
Парасаттылығы мен ақылдығының арқасында Шыңғысханның бәйбішесі өз дегеніне жетіп отырған. Тарихи дереккөздер бойынша, қоңырат руы көсемінің туған қызы Бөрте Шыңғысханға (қият ішіндегі бөржіген руының батыры Есугей баһадүрдің туған ұлы) атастырылған. Кейуана тағдырдың жазуымен Темучин әкесінен ерте айырылған. Алайда ер жеткеннен кейін Бөртені іздеп барып, алып қайтқан. Шыңғысхан мен зайыбы қиын-қыстау замандарды басынан бірге өткерген. Ет жақындары мен достары билеушіден бас тартқанда да, соғыста жеңіске жеткен алғашқы жылдары да, Шыңғыстың Моңғол ұлысының әміршісі ретінде қалыптасу кезінде де Бөрте әркез ханның қасынан табылған.
Бөрте жайындағы мәліметтерде оның тағыдыры туралы нақты деректер келтірілмеген, өйткені көшпелі өркениет тұсында әйелді ұрпақ жалғастырушысы, ана ретінде ұлықтаған. Ол әкесінің ерігіне тәуелді болып, ағаларына, кейін күйеуіне бағынған. Сонымен бірге, қыз болашақ жарын таңдамаған...
Кейбір әдебиеттерде Бөрте сұлу, дана ханшайым ретінде сипатталады. Сонымен қоса, ақ жібек көйлек киген, шашында алтын тиындары бар әйелдей суреттеледі. Қасында ақ қозы бар, не атқа мініп отырған күйін де бейнелейді. Шынайы есімі – Бөрте-фүджин немесе Бөрте-үджин. Моңғол тілінен аударғанда «ханым» деген мағынаны білдіреді. Темучиннің Бөрте ханымға сезімі туралы ештеңе жаза алмаймыз, бірақ ұзақ жұбайылық ғұмыр кешкен кезінде Шыңғыс хан бәйбішесіне ерекше құрмет көрсетіп, оны бағалай білген.
Бөрте моңғол императорының өмірінде маңызды рөл атқарған. Бәйбіше төрт рет ұл босанған. Ортағасырлық моңғолдар үшін ұл баланың өмірге келуі – басты міндеттерінің бірі. Шыңғысхан шешуші сәттерде әйелінің ақылына құлақ асқан. Осылай моңғол тайпалары бірлікке ұмтылған кезде Бөрте моңғол қолбасшысы Жамұқадан бөлініп шығуды ұсынған. Шыңғысхан әйелінің тілін алып, өз өмірін өлімнен арашалаған. Осы оқиға Шыңғысханның жастық шағында орын алған. Ол кезеңде оны Темучин деп атаған. Ал Бөртенің көмегімен жас Темучин ұлы моңғол императоры Шыңғысханға айналған.
Бөрте – Шыңғыс ханның зайыбы, олардың арасындағы балалардың анасы, дана кеңесші әрі Шыңғысханның ақыл-ойының таразысы. Ол жұбайына адал болып, бәріне төзімділікпен қарап, өкпе-реніштерін кешіре білген. Бөртенің Шыңғысханға деген шексіз махаббаты мәңгілік маздап жанған.
Дереккөзі: e-history.kz
Н. Айдархан