- Негізгі бет
- Айтұмар
- Аңызға айналған батыр...
Аңызға айналған батыр қыздар
Айбике батыр қыз Абылай ханның жау тылындағы барлаушылардың басшысы. Қол астында бірнеше барлаушы ұстаған және ұзақ жылдар "қолға түскен тұтқын күң" ретінде қонтайшы арасында күтуші болған. Зайыбы - белгілі Бұланбай палуан.
Тарбағатай мен Алтайдағы, Есілдегі жаудың күшін және олардың орналасқан жері туралы Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөенбай бастаған қазақ елінің басшыларына құпия хабар жеткізіп тұрған.
Айбике алғыр ойлы, ержүрек қыз болған. Қалмақ тілін жетік білген. Тарбағатай мен Алтай тауы өңірінде, Зайсан, Марқакөл алабында, күндіз де, түнде де, тұманды, боранды күндерде де адаспай жүре беретін "жер шолғыштығымен" аты шыққан. Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін 1757-1758 жылдар шамасында ата мекеніне оралған.
Айтолқын батыр (т.-ө.ж.б.) - ерте заманда Отан үшін жау қолынан қаза тапқан батыр қыз. Айтолқынды мәңгі ұмытпау үшін халық оған арнап әдемі сұр тастан сәулетті күмбез орнатқан. Ол күмбез Ақтөбе облысындағы Терісбұтақ өзенінің бойында. Айтолқын батыр қыз туралы халық аузында айтылатын аңыз-жырлар да аз емес. Оның кейбірі орыс тіліне де аударылды.
Ақбикеш (т.-ө.ж.б.) - Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Алшын руынан шыққан көріпкел, ержүрек, батыр қыз. Есімхан жасақтарының Бұхара, Қашғар уәлаяттарына, Құба қалмақ жорықтарына көп көмектескен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, жауын осы қарауыл мұнарадан қарап тұрған. Мұнара "Ақсүмбе" деген атпен тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің Зұфар-нәмесінде (Жеңіс кітабы) айтылады. Әмір Темірдің 1389-1390 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады.
Ақбикеш батыр қыз сыртқы елдің басқыншылары қанды жорық жасап, елді шапқанда, елдің ер-азаматтарымен қатар бостандық соғысына қатынасып, ерлік көрсетуімен жау қолында мерт болады.
Ж. Исакаев