Бұл екеуі қайта-қайта серттесті. Қол алысты. Ақырында құран ұстатпақ болып еді. Ол шайханада жоқ боп шықты. Нан ұстасып, бір-біріне ант берді.
Жұма базардан соң, таңсәріден бастап, қаруланған он шақты аттылы Қараспан мен Шаш ортасындағы керуен жолын тосты.
Отыз шақты түйеден тізілген шағын керуен үлкен жолмен ілби басып, бейқам келеді. Темір бастаған салт атты жігіттер керуенді бөгеп, бұйда басы жетектеушілерді бөліп, жүк артқан түйелерді жолдан бұрып әкетті. Осы кезде арт жақтан күймелі арбаға мінген қыз бен жігіт және арба айдаушы келді. Темір тоқтап тұрып, бұларға бұрыла қарады. «Әй, Әлфия, сенбісің?» деп айқайлап жібере жаздап тоқтады. Кеше ғана өз құшағында жатқан сұлу қыздың қасында отырған саудагер мырзаға қызғана қарап, көзінің отын аямай-ақ шашып өтті. Әлфиямен бұрын келіскендей алдаусыратып, қоқан-лоққы ету емес, шындап тонағысы келіп кетті. Осы кезде арбадан қарғып түскен Әлфия:
- Түсі келгеннен түңілме деуші еді. Көркем жігіт екенсің. Түсіңе ісің сай болса, мәрт шығарсың. Ақылды жігіт, әйел бастаған керуенді тонамайды. Бұл керуенннің иесі менмін! - деді.
- Жігіттер, қайтадан жолға салыңдар, керуенді! - деді Темір.
Ол дегенмен өзінің ішкі қызғанышын баса алмай қызынды. Содан да ол ат басын шұғыл бұрып Қазығұрт биігіне қарай құйындатып шаба жөнелді.
Міне осыдан бастап «мынау Алай мен Қазығұрттан бір жас тонаушы шығыпты, ішінде сұлу әйелі бар керуенді тонамай, қайта басқалардан қорғап, ұзын жолға өзі шығарып салады екен» деген лақап бұл өңірге аңыз боп жайыла бастады. Аңшылық, саяткерлік өмірдің қарақшылық өмірге қалай ауысқанын өздері де, Темір де, әкесі Тарағайдың да білмей қалған шағы тұп-тура осы кез еді. Өмір деген қызық. Кейде ойда жоқ қылық, тірлік істейсің. Күтпеген оқиға кезігеді. Бұл екеуі, әкелі-балалы екеуі, әйтеуір жан сақтаудан басқа ештеңе ойламаған. Енді жан сақтауды ұмытып, басқалардың жанына қатер төндіре бастады.
Алай мен Қазығұрт арасында бір топ тонаушы қарақшылар пайда болғаны тарай бастады. Басшысы өрімдей жас жігіт екен, өзі тым сері көрінеді. Неден болса, бұл лақап Әлфия ілескен керуенді босатып жіберуден басталған еді. Көпке дейін бұл аңызды Темірдің өзі де жөнді естімей жүрген. Бір күні Әлфия жіберген бір жансыз келіп, бұған ел арасындағы неше қилы аңызды түгел баяндаған. Мұның көп атының бірі атала қалса болды, ел құлағы елең ете түседі екен. Бұған өзі де аң-таң боп қалды. Әлфияның бай саудагердің баласына жар болып, не ішем, не кием демей шалқып отырғанын естіп, іштей тағы ойланды. Өмірінде бірінші рет кездесіп бетін ашқан, тұсау кесті досының бөтен құшақта жатқанын есіне алып, мұңая түскен: Бір пендеге бір есім жетпеуші ме еді? «Айтпай», «Арлан», «Ақсақ қасқыр», «Жебір бөрі» деген көп атта не тұр? Бұған «тонаушы», «қарақшы», «жолкесер», «жаналғыш», «баскесер» деген сөздер қосылып, ел құлаеғын елеңдете түскеннен бұған не келіп, не кетіп жатыр? Бір күнгі, бір түнгі қызық, Әлфия қасында өткізген күндер бұлардан көш артық емес пе еді? Ол күндер қайта айналып соға ма бұған? Әй, кім білсін...
Авторы: Сәуірбек Бақбергенов