- Көке, сіз бүгін тым шешен боп кеттіңіз ғой.
- Сөз қиналғанда шығады. Арқасына ер батқанда ат аяқшыл келеді. Сенің соңғы күндердегі түріңді көріп, секем ап, шошып жүрмін. Мен бірдеңе білер болсам, сен мықты болмағансың, оның не екенін анық-қанық білмей іліктің. Қате осындайдан басталады. Шикі өкпелік, осындай қиында одырайып бетке соғады; көріне кетеді. Ал енді болар іс болған шығар, шыныңды айтшы! - деп әке бала бетіне тесіле қарады. - Ол кім? Мәселе қалай болды?
- Мен ешкімнің тырнағына ілінбедім. Қайта өзім іліндім. Керек көрмесем олжа деуші болса, тарту-таралғы деп қанжығасына бөктере салам.
- Алғашқы қызығын өзің көрсең, олай ету де артық. Ойлан, балам!
- Ол тауға, біз тұрған итарқаға келмейді. Мен Қараспанда тұра алмаймын. Соңғы барғанда білгенім осы. Жолымыз бөлек, өрісіміз басқа. Мен, әрине, қызықтың құлы болсам, қалар едім, сонда, дайын төсекте. Мен саған үзілді-кесілдісін айтамын.
- Жауабыңды айттың ба?
- Ойланам деп кеттім.
- Ойлан, еркек аңқау, қасқыр тәрізді ұрма. Әйел залым, түлкідей қу, арбасқанда алдырма, теріскенде шалдырма! Аяғыңды алшақ, бөксені бөлек ұста! А йттым ғой, жігіттің жауы да, досы да әйел. Бірақ әйелсіз дүние бос, қуыс. Ұрпақ қалдыра алмасаң, тірлігің тағы зая... Жау әр кезде-ақ жаныңда жатады, жақын жүреді, досты іздеп табасың. Ол алыста, қиында, кілең шалғай жатады.
- Сені бұрын, көке, мұндай деп ойламайтынмын. Сұмдық шешен айтқыш екенсің. Енді сенен ақыл-кеңес алмай бүлк етпеймін.
- Бұл шешендіктен емес. Сондай болайыншы деген ниет менде жоқ. Бұл неден болса, маңдайымдағы жалғыз балам, сені қор қылмайын деп ойлағанда, толғанғанда, тіпті сол қиналғанда табылған сөз, бұл өмірден жинаған жаман-жәутік ақылым ғой...
Бала әкесіне шын ықыласымен күле қарады.
- Көрген түстей жоқ болып кетпей, есептесіп, енді үмітін үздіріп қайтсам болғаны...
Авторы: Сәуірбек Бақбергенов