- Негізгі бет
- Айтұмар
- Ақсақ Темірдің сүйіктісі...
Ақсақ Темірдің сүйіктісі - Әлфия #4
Бөдененің бір санын жеп, күпті болған бақалшы тәрізді екі кесе шөп шайға, буын-буыны босап бұл жатты. Бәрін естіп жатыр. Құлағы шөп төсекте, қиялын кім білген. Тым жырақта шығар. Жұп-жұмсақ ыстық алақан оның бетін, құлағын, шашын қайта-қайта сипап, аймалайды, сүйеді. Құлағын қытықтағандай жып-жылы лебімен желпіп, сыбырлайды: «Аңшы болма! Оны таста! Менімен бірге бол. Күнде шай берем. Күнде рақатқа батасың. Сенің басың жайлы төсек, құс-жастыққа тиіп көрмеген. Оның не екенін білмейсің. Ол түгіл, сен әлі әйелді білмейді екенсің. Масқара! Өлім емес пе? Тағы аңдардың соңына түсіп, сарсыла жүргенде, таудан құлап өлсең, сорлы-ау айтшы кәні, не көрдім деп көз жұмасың? Сен өзіңді бақытты ет. Сенің көлеңкеңде менің қолым әлденеге жетсін! Сен енді, бүгінгі айлы түннен бастап менікісің. Мен сені иелендім. Сенің басың бос емес. Басыңа ноқта, шыжым ноқта. Қол-аяғыңа қыз беліндей қисық, асыл болат қақпан түсті...
- Мә саған қақпан! - деп шірене тепкенде шөп үстінде, оны мықтап-ақ құшақтап жатқан Әлфия есік пен төрдей жерге ұшып түсті. - Кәні қақпан! Қайда қақпан. Оны майыстырам, бұрып сындырам.
Қыз бөксесін басып, сұлап жатты. Бұл ештеме болмағандай, саябырсып, құшағын қайта жайды. Бос ауа құшты. Алаботаның гүліне тұмсығын тығып, қайта қалғып кетті. «О, сорлы, жалғыз атты бейбақ!» дегенді естіді. «Сені топқа қосам, құбылаңды танисың. Жұмырға құйған ащы айран емес, сәкіде отырып, бал татыған қызыл шай ішесің. Алай мен Қазығұрттағы итарқада жатпайсың. Мамық төсек, құс жастық, қалың кілем, торқалы шымылдық күтіп тұр, сені ақымақ! Шоқай етік, шидем шалбарды отқа тастаймыз. Басыңнан үш айналдырып, бәрін өртейміз. Әміркен етік, мәуітті шапан, барқыт шалбар күтіп тұр, сені ақымақ, біздің үйде...
- Сені адам етем. Ел қатарына қосам. Тағы емес, кәдімгі жақсы жар сүйген, балаға әке болған өмірді кешесің. Басыңды көтер. Ақылға кел! Менің айтқаныма көнсең, сені мен бүтін жұртқа танытамын. Басыңды көтер, көзіңді аш!
Бұл түс көріп жатқандай маужырады. Қасына жақындауға қорқып, алыстау отырған Әлфия сөзін бөлмей ұзақ тыңдады: сен қазіргі жолыңнан қайтпасаң тағыларға қосылып, жабайы, мисыз, малғұн, ойсыз мәңғұрт боласың. Сені құтқарам. Құздан құлап, қуысқа түсіп, етіңді қарға-құзғын жемей тұрғанда, менің құшағыма ен, өксігіңді тый, мауқыңды бас. Байқа, жігітім, аяғыңды сермеп, қолыңды қалбаңдатқаныңды тірлік екен десең адасқаның...
Автор: Сәуірбек Бақбергенов
Жалғасы бар...
Қ. Бүйенбай