Тау қиясын бөктерлеп жалғыз атты келеді. Бұл әкесі. Кеш боп барады. Ол жападан-жалғыз, аш бөрідей тау бөктерлеп шоқытып келе жатыр. Көз алдына келтірді. «Қайда жүресің, балам?» деді.
Бұл шайханада отыр. Шайхана босады. Осы кезде Әлфияның шешесі Сүрения шықты. Насат, ұзын бойлы, көркем әйел. Темір бұл әйелдің Әлфияның шешесі екенін бірден ұқты. Ал әйел болса, бұған ұзақ қарады. Әсіресе, бұл жігіт жасында жанындай сүйген Тарағайға ұқсайды. Тарағайдың көзі, бет бейнесі, әсіресе, тұлғасы, тіп-тік иығы осыған ұқсайтын. Басы жұмыр пенделер бір-біріне ұқсай береді. Онда тұрған не бар деп ойлады да, Тарағайды тез ұмытты. Қызы сөйлесіп отырған жігіттің қасына келді.
Шайхананың түкпірдегі бір бұрышында үшеуі оңаша қалды. Екі әйелдің білгісі келгені мұның кім екені еді. Бірақ біле алмады. Аңшымын дегеннен басқа ештеңе айтпады. Қас қарайып, ақшам тартқанда бала жігіт түзге шығып, атын жайлады. Енді кесек үйге қайта кіргісі келмей, ат байланған ақырға жақын жердегі үйілген шөптің үстіне жатқысы келді. Тамдағылар мұны ұзақ күтті. Ақыры Әлфия мұны іздеп, қасына келді:
- Сен үйге неге кірмедің?
- Мен осында жатамын.
- Апам саған төсек сап қойды.
- Рақмет айтты де... Мен атыма жақын жатқанды ұнатамын.
Қыз аң-таң боп тұрды-тұрды да, үйге қайта кірді. Ақшам өтіп, көз байланған шақта ол қайта оралды. Бос келмеді, бір шәйнек шай, екі есе – шыны аяқ, кішкене зеренге салған мейіз әкелді. Самаурынның астындағы мыс тегенеге ұқсас, тарғыл да тотты ай туды. Екеуі алаботаның сүт иісі аңқыған үйіндісі үстінде отырып шай ішті. Мейізбен қосып ішкеніне қарамай, шай кермек, тіл үйіреді екен. Қыздың өзі қосылып ішкенсің, бұл тартынған жоқ. Далада, шөптің үстінде, қою қараңғыда ішкен шай тәтті бола ма екен, тамсана, тамсана таңдайын қағып ішті. Әбден шөліккенде болмаса, жіпсіп көрмеген маңдайын моншақтай тамшылар басты. Әлфия оған аузыңды аш, мейіз саламын дейді. Қыз жігіттің аузына мейіз тастады.
- Жеп қойма! Тіліңнің астына бас.
Жігіт жайланып, рақатқа батқандай көңілдене бастады. Оның көз алдына қызық-қызық, бұрын көрмеген дүниелер келді. Қолын созып қызды іздеді. Ол қайда отыр? Әлде, кетіп қалды ма? Мұнда неге келді? Неге кетті? Жоқ, әлде осында, қасында отыр ма? Ол неге үнсіз? Неге күлмейді, неге бұған жақындап отырмайды? Қолын қайта созды, қарманды. Дәл қасынан қыздың демі, жай күлкісі шықты. Қолын қайта созды. Әлфия оның құшағына өзі кеп енді. Басы айналып, дүние бір сәт төңкеріліп, жер аунап түскендей болды. «Жерді мүйізімен тіреп тұрған көк өгіздердің мүйізі талды. Олар жерді оң жақ мүйізінен сол жақ мүйізіне аударып салды». Дүние қайта төңкерілді. Оның бауырында жатқан қыздың сыңғырлы нәзік үні шықты: «Сен аңшымын дейсің, сол да іс пе екен? Жабайы аңды аулап тірлік етудің өзі тағылық емес пе! Сен оны таста! Мықты болсаң, аң тағысын емес, адам тағысын матап көр! Қолында қаруы жоқ, жапан дүзде жайылған аңдарды азық етуді кім болса сол, кез келген ақымақ біледі. Сен өзің тым мықтысың. Қысшы, қыса түс! Осынша күшті тау тағыларына жұмсағанша, адамға, адам тағыларына қарсы жұмсамайсың ба? Сен, Айтпай, атыңды айтпасаң айтпа. Бірақ жөніңді айт! Сен аңды қыруды қойып, жауыздықты қыруды қаласаң, мен саған жататын үй, ұйықтап, рақат алатын төсек болам.
Жалғасы бар...
Автор: Сәуірбек Бақбергенов