Шымылдықтан Әлфия жалт етіп шыға келгенде, тамақтанатын үлкен бөлме ішінде шам жаққандай жарқ ете қалған. Отырғандар жалт қарады. Темір де қараған. Ай қабақ, аққұба өңді. Әсем қыз бірден бұған жақындап келді де, сәл езу тартып күле қарады. Жігіт пен қыз көзінің жанары қағысып өткен. Қыз жүрегі дір-дір етті. Балаң жігіттің көзіне от ойнап шыға келгенмен, өңі өзгермеді. Тау тағысы еліктің лағының көзіне түскендей, әшейін ғана қызықтап, әуестікпен қараған. Сұлу екен, көркем, көзі отты, кеудесі биік.
- Сізге алма мен қарақат жапырағынан жасалған шай әкеп берейін бе? Шөлдеген шығарсыз?
Жігітітң таңдайы құрғап, тілі байланып қалғандай бірден жауап бере алмады. «Ие» дегендей басын изеді. Қыз бұрылып кетіп бара жатқанда оның ту сыртынан ойсыз қарады. Басына ноқта тимеген, желіге әлі байланбаған құлынның мүшесіндей мінсіз бөксесіне назары түсті де, көзін қайта ала алмады. Оң қолын оқыс көтеріп, тізесіне соғып қалған. Мұнысы алдынан оқыс шығып, тұра жөнелген еліктің лағына, оған жеткізе алмаған шақтағы өкінішке ұқсаған.
Қыз шай әкелген. Жігіт алғашқыдай емес, мұны жаңа көргендей есі шығып, аузын ашып, балаша қарады. Шай құйған ыдысты ұстаған саусақтары қандай тамаша! Көл жағасына біткен жас қоғаның аппақ сүйрігіндей мінсіз екен. Бұдан бұрын әйел баласына ынтықтықпен зер салып көрмеген жас жігіттің кеудесіне қызулы да алаулы от түскендей, жүрегі бүлік-бүлк етіп өзгеше соқты. Шөлін енді сезгендей, ерні кезеріп кетті. Қайта-қайта тамсанып, жұтына берді.
- Бұл алма шай дедің бе? Қарақат жапырағын қосқан, ә? Сен өзің де алмаға ұқсайсың. - Есі енді кіре бастағандай күле қарады. Қалжыңдасқысы келді. - Ие, сен өзің кәдімгі хош иісті, қып-қызыл алмаға ұқсайсың. Ал көзің болса, көзің кәдімгі таудағы жабайы қарақат қой. Мөп-мөлдір қарақат. Мынау шайың өзіңе ұқсаған болса, тәтті шығар. Ие, алма мен қарақаттай болса дегенім ғой.
- Тәтті! - деді қыз.
- Өзің де...
Жігіт кілт тоқтады.
- Не, сен мені шай қып ішейін деп пе едің? - деп қыз күлді. Күлкісі де әдемі екен.
- Жоқ, мынау алма шай, қарақат қосқан бұл да тәтті шығар дегенім.
- Сен өзің кімсің? Бұрын мұнда келмегенсің сен?
- Мен адаммын ғой. Бұрын келмегенім рас. Мұнда, қарақат қосқан алма шай барын білгенде, жеті сайын келіп тұрар едім. Енді бұдан былай кілең келіп тұрамын.
- Шын ба, кілең келесің бе?
- Кілең. Алма шайға, саған.
- Сен өзің ақылдысың-ау деймін. Сөздерің кәдімгі жақсы...
- Бұл сөзді бұған дейін, сенен басқа ешкім айтқан емес-тін.
- Рас па? - Рас. Өтірік айтып... сонша... мені кім зорлап тұр.
- Қыздар да айтпады ма?
- Жоқ, айтпады.
- Адам танымас, жай, әшейін, бір ақылсыздар болар, оларың.
- Олай деп обалына босқа қалмаймын. Сенен басқа қызбен таныстығым болған емес. Танысам олар да айтар ма еді, оны кім біледі?
- Сенің атың кім? - деді қыз.
- Сенің атың кім?
- Менің атым Әлфия. Сенің ше?
- Менің атым далада байлаулы тұр! - бала жігіт күлді.
- Сен күлме, мен шын сұрап тұрмын.
- Мен шын айтып тұрмын.
- Шын айтпай тұрсың.
- Атым Айтбай. Көкем ешкімге айтпа деген.
- Енді сен айтып қойдың ғой.
- Саған ғана айттым. Басқаға айтпаймын.
- Шынымен маған ғана айттың ба? Неге?
- Сен маған ұнап кеттің.
- Сен менен басқа қызбен сөйлесіп көрмесең, мені бір көргеннен ұната салғаның қызық екен?
- Қызық емес. Ұнатқаным рас.
Әлфия жайдары күлді де, шымылдыққа еніп, жоқ болды. Бұл дір-дір етіп, желпініп тұрған қызыл қоңыр шәйінің көлбеңінен көз ала алмай қадалды да қалды. Бұған қыздың сұлулығы ғана емес, еркіндігі, мұнымен тепе-тең адамша әзілдесіп, ашық сөйлеуі ұнады.
Қыз көпке дейін қайтып оралмады. Мұның басына, көз алдына осы қыздан басқа ештеңе түскен жоқ. Қыз әдемі, сұлу. Өзі еркін. Қыздардың бәрі осындай болса ғой. Мынау өзгеше. Мұндай қызбен таныс болу жақсы шығар.
Әлфия қайта шықты. Бұған күле қарады. Мұның ішіне шоқ түскендей болды.
- Сен бүгін осында қал! - деді Әлфия.
- Неге? - деді жігіт.
- Екеуіміз сырласайық.
- Сырласқанда не айтамыз?
- Сырласқанда айтар сөз табылады. Табамыз.
Күн еңкейіп бара жатты. Жігіт таудағы мекеніне жете алмасын сезді. Ал осында қалса не болады? Онымен сөйлесуге, ұғынысуға болады. Мұндай қызбен сөйлескен бір нәубет, аса қызық.
Автор: Сәуірбек Бақбергенов
Жалғасы бар...