Бұл кезде екінші белдің астында жасырын тұрған күймелі арба жанында мынадай әңгіме болған:
- Біліп едім, сенің бір пәлені шығарғаныңды? - деді Әлфия.
- Қандай пәле? Мұны шығарған мен емеспін, - деп Мадыразақ көзі алақтап, жағасын ұстап, жарына жалына қарады.
- Қарақшыларды Тоқолоққа сен сатпағанда кім сатты? Сен сол ханнан алтын алып, сый көріп, байыған үстіне байи бермексің ғой. Бұл – сатқындық. Сатқындық, байлық сенің түбіңе жетеді, басыңа бақ та, байлық та емес, пәле болып жабысады. Сенің керуеніңе ілесіп, соны паналап келген жауды сен әкелмегенде, кім әкеледі деп ойлайды олар?
- Міне, иманым, міне, жаным, ант-су ішем, бұларды әкелген мен емес! - деп әйелінің аяғына жығылып, тізесін құшақтап жата қалды.
Әлфия оны тізесімен итеріп жіберді. Ол маңдайымен жер тіреп, ант-су ішті. Құран ұстамақ та болды.
- Мені алдай алмайсың. Ясада жоғалып кеттің. Сені түні бойы күттім. Сен сонда Тоқолоққа барып көрген-білгеніңді айтып, әбден мылжыңдадың. Жай мылжың емес, бұларды сырттан сатып, ұстап беруге, көмек көрсетпек болдың. Бұлар мұныңды білсе, сені түп-түгел жоқ етеді. Байлық емес, өзің де, мен де жермен жексен боламын.
- Сен барсың, сен құтқарасың! - деді ол бұрыннан әлдене білетіндей, - сен барсың...
- Менің барымнан не пайда, саған.
- Саған тоқтайды.
- Оны қайдан білдің?
- Кілең сені көріп, ат басын кері бұрып, шаба жөнеледі ғой.
- Ол оның жалпы әйел баласына деген құрметі көрінеді.
- Сол құрметті саған да көрсетеді.
Әлфия өзінің үстемдігін, күйеуі алдында қандай абыройы барын сезгендей-ақ, күйеуіне қайта бұрылып:
- Тұр, орныңнан сатқын неме! - деп кестелі қызыл жібек көйлектің жерге жетіп жатқан етегінен көрінбей тұрған қызыл қоңыр шоңқайма етігінің тұмсығымен бөксесіне түртіп қалды.
- Тұр!
Бір сәт ол ер адамға тән менмендік кейіппен әйеліне оқшия қарады. Артынша тез басылып, сол сәтте сөніп, қайтадан жерге қарады. Бұл осыдан соң да жер бетін басып тірі жүретін болса, оның тек осы әйелдің сұлулығының, айлалы ақыл-парасатының жарығында ғана күн кешіп өтеріне күдік-күмән келтіре алмады. Кінәлі екені, сатқын екені де рас. Өзінше, қарақшыларды ұстауға үлес қоспақ болды. Өзінше, кездескен сайын өзінің қылығымен, әйеліне көз қысумен, мұны үнемі қорлап кететін жаудан оңай құтылмақ та болған.
Авторы: Сәуірбек Бақбергенов