Қарақшылық бұған «Ақсақ Темір» деген атын естігенде, жылаған бала жұбанатын лақап әкелді. Содан да бұл өз атынан үлес алатындарды көбейтуді ұнатпады. Қарақшылар саны қырықтан аспауы қажет. Бұл заңы. Ал қырық бір болып кетсе, ішіндегі ең күдікті, ынжықтың басы шабылатын заң шығарады. Алай, Өнгрен, Қазығұрт бойын жайлаған қырық аттылының төбесі көрінсе, иманын үйіре бастайтындар көбейді. Таланға түспеудің екі-ақ ғана шарты бар. Бірі – керуен ішіндегі сұлу қыз, не келіншек болуы шарт. Екінші – жігіттердің ішінде Шыңғысхан ұрпақтары, оған қызмет көрсететіндер болмауы қажет. Бола қалса, ол керуен тоналады. Ал алдыңғысы босатылады. Ал бұл екі екі шартқа келмейтіндерден өздеріне керегінше дүние-мүлік, азық-түлік, ақша-алтын алынады.
Ақсақ Темір деген ат та кең тарады. Әлфия мұның Айтпай екенін көпке дейін білмей жүрді. Самарқаннан ерте күзде шыққан керуен араға екі-үш күн салып Жолұзақ (осы күнгі Жизақ) асуынан асып түсіп, Шашқа бет алды.
Алайды бөктерлеп келген қарақшылар керуенді тоқтатып, не алып келе жатқанын, кімдер екенін тексере бастады. Осы кезде үлкен жолдан қос ат жеккен күймелі, жабық арба шыға келді. Қып-қызыл масатымен тысталған күймеден ұзын бойлы, ай қабақ, бота көзді, қолаң шашы жерге жеткен, көлде отырған аққудай сүзіліп сұлу келіншек шыға келді. Көзін күн сәулесінен көлегейлеп оң қолын көтере қарады да: «Айтпай! Айтпай!» деп айқайлап жібергенін өзі де білмей қалды. Бұл оның Әлфия екенін көре-біле тұрып, онсыз да қысықтау көзін қысып қалды да:
— Жігіттер, сұлу әйелі бар керуен екен, босатыңдар, бәрін! Жүре берсін, жөніне! — деп жар салды.
Керуен босатылды.
Темір атының басын бұра беріп:
— Әйел болғанда хан қызындай сұлу екен. Жігітті көп көрген болса керек, бірінші мәрте көрген менің өзімді әлде-кіммен шатастырып тұр. Бикеш, мен Айтпай емес, Темірмін! — деп ат басын шұғыл бұрып, тауға қарай құйындатып шаба жөнелді.
Айтпай мен Темірдің бір адам екеніне көзі енді ғана жеткендей, Әлфия керуенге жаяу ілесіп, көпке дейін күйме соңынан жаяулап жүріп отырды. «Айтпай, Темір» оның көз алдында да, ойында да осы екі сөз. Осы кезде оның қасына күйеуі келді. Өңі бұзылған, даусы өзгерген, еріндері дір-дір етеді.
— Айтпай дейсің, бұл Темір ғой. Неге айқайладың?
— Менікі, әшейін, далбаса ғой. Екеуін де білмеймін.
— Тоқолоқтың түбіне жететін осы көрінеді.
— Танымаған соң, онысын қайдан білейін.
— Өзі саған көзін қысты-ау деймін. Онысы несі?
— Сен сияқты көшпелі, кілең түйенің қомы, аттың жалында жүретін кірекеш әйелге кім көзін қыспайды дейсің, тәңірім-ай! Сұлуды ешкімге көрсетпей ішкеріде, көз түгіл, күн тигізбей ұстайды деуші еді. Ол біздің түсімізге кіретін шығар. Көшпелі саудагердің көшелі қатыны болып күн кешеміз де... Көзін кім қыспайды бізге?