- Негізгі бет
- Айтұмар
- Ақсақ Темірдің сүйіктісі...
Ақсақ Темірдің сүйіктісі - Әлфия
Тау қиясын бөктерлеп жалғыз атты келеді.
Ол Қараспан ғана емес. Шаш, Отырар, Яса, Сайрамда талай-талай болған. Дүниеде не болып жатқанын білетін шайханалар мен базар. Ең алдымен базарға, одан соң шайханаға соғатын.
Бұл жолы да Қараспан келді. Ертеден түс ауғанша базарды кезіп, әрнәрсені бір қызықтап, өзінше сауда жасаған болып жүрді. Түс ауа шайханаға соқты. Бұрын келіп, кілең, шай ішіп, ас жеп қайтатын шайхана жөндеуде екен. Содан бұл басқасын іздеді. Қаланың оңтүстік батыс жағындағы Бадам өзеніне қараған беттегі, бұрын көрмеген шайханаға түсті.
Қараспан шағын қала емес, үлкен, төңірегі, ені ат шаптырым. Ортасында биікте асқақ мұнаралы рабат, сағана, құпия сарай бар. Оның не екенін, кім тұратынын ешкім білмейді. Төңірегі болса, аса зор өзен Арысаф пен Бадам жағалауына дейін созылатын қала. Осында Шашқа қарай шығатын, содан келетін керуен жолы бар. Сол жолдың қалаға енген бойдағы ең бірінші бұрылысында шайхана бар. Темірдің түскені осы шайхана.
Босағаны аттап, есік жаққа отырған бойда, бұған назар салған шайхана иесі, орта жастағы, келбетті әйел Сурения. Ол орта бойлы, мығым денелі, көзі тым қарақты, балаңдау келген жас жігітке көптен көрмеген бір танысын енді көргендей тесіле қарады. Бұл бөгде көздің аң-таң сұраулы отын, жұмбақ қарасын сезді. Бірақ ештеңе сезбегендей бос орынға жайғасты. Әйел тесіле қараудан ұялды білем, шегіне түсіп, алыстан ұрлана қарады. Оның есіне бұл жігіттің түр-түсі көп жайларды түсірді. Әсірсе, дене бітімі бір кездегі, тым жас кездегі сүйген, жақсы көрген жігітіне, көкірегіндегі мәңгі-бақи түйін болып қалған Тарағайға ұқсайды. Оны көз алдына келтіріп, салыстыра бастады. Ия, соған... Әсіресе, дене-тұлғасы, көтеріңкі маңдайы айнымайды. Бұл әйел Сақыпжамалды да жақсы білетін. Тарағай жеме-жемге келгенде мұны, Сүренияны емес, оны, Сақыпжамалды сүйді. Соған үйленді. Ал Сақыпжамал тағдыры бұған белгілі. Ал мына балаң жігіттің оған, Сақыпжамалға ұқсайтын жерлері көп. Әсіресе, өңі келеді. Тарағай тәрізді қап-қара емес, бидай өңді, аққұба. Бәрін-бәрін келтіріп-ақ отыр. Бірақ Сақыпжамалдан бала қалды дегенді бұл естімеген. Содан да бұл бір кезде өзіне күндестей болған Сақыпжамалды есінен шығарғысы келді. Ал Тарағай болса, әңгіме басқаша, оның баласы болуы кәдік. Басқа біреуден. Мұны ол қайткенде де жай ұқсатып, қойған жоқ. Тағы да әлденеше мәрте ұрлана-ұралан қарап алды да, асхана мен адамдар отыратын шымылдықтың аржағына еніп кетті.
Шымылдық сыртында ол бойжетіп қалған қызымен, көптің көзіне түсе бастаған Әлфиямен сөйлесті.
- Біздің шайханаға бұрын келмеген бір жас жігіт келіп отыр, - деді ол қызына. Бірақ өзі ойлағанды, кімдерге ұқсатқанын айтқан жоқ. - Не керек деп, сұраған болып қасына жақындап көрші. Мен адам танысам, әшейін көптің бірі емес. Жақын бар да, қара бетіне. Байқа! Бар деймін, ұялма!
- Қойшы, апа, ұят қой.
- Бүйте берсең, сен бе, сен күйеусіз қаласың. Бар деймін.
Әлфия онша ұялшақ қыз емес. Ашық-жарқын. Өзінің келбетті де көрікті екенін, оған жұрттың назар салатынын жақсы білетін. Өзінің көрікті екенін сезетін әйелдің көбінде-ақ өзімшілдік, өктемдік басымдау жатады. Әлфия бейтаныс жігітке жақындай ғана емес, сәті түссе танысқысы келгендей, шымылдықтың тасасында тұрып, ұзақ әрленді. Айнаға қарады. Басқа көйлек киді, шашын қайта өрді, қайта тарады. Шеше болса қызының бойжеткенін бүгін сезгендей, сыртынан қызықтай қарады. Қуанды да ойланды. Қыз деген гүл. Уағында бүршік сап, кезінде гүл жарады. Міне, кеше ғана бауырында жатқан сәбиі өсіпті. Гүл жарғалы тұр. Мен өзім көргенді көрмесін десем, ерік берем. Өз бетімен ұшып, өз бетімен қонуға шамасы жеткенде құс екеш құста балапанын қанатымен қақпайды. Енді бұл да өзінше ұшсын! - деп түйіндей ойлады ол. Ана мақтанышы – зор, қуатты. Өзіне ұқсаған, тіпті, өзінен де көркем қыз өсіп келеді. Өзіне бермеген бақты осыған берсе екен деп тілейді. Ол өзі болса, нақ осындай кезінде, тіпті, бұдан да жастау кезде Тоқолоқтың қызханасына түсті. Содан алтынға сатылатын болды. Шешесі Баршақатын үлкен айламен, қулығын ханнан асырып, мұны алып қалды.
Жалғасы бар...
Автор: Сәуірбек Бақбергенов
Қ. Бүйенбай