Трактор жасаған Lamborghini. Көлік нарығындағы алпауыттар

Біз "неміс сапасы" деген сипаттамаға сай санайтын BMW компаниясы алғашқы көлік емес, ұшақ зауыты болғанын білесіз бе? Ал француздың "Пежосы" киім тігумен айналысқан екен. Сол сияқты жапониялық Mitsubishi компаниясы да бастапқыда көлік шығаруды ойламаған. Назарларыңызға көлік нарығындағы алпауыттардың тарихына кішігірім шолуды ұсынамыз.

1. BMW

Қазіргі таңда сапалы көліктерімен танымал BMW компаниясы нарықтағы жолын 1917 жылы ұшақ қозғалтқышын жасаудан бастаған. Карл Фридрих Рапп негізін қалаған компания Мюнхеннің маңайындағы Flugmaschinenfabrik ұшақ зауытының дәл қасында орналасқан. BMW эмблемасының өзі аспан аясындағы ұшақ винтін бейнелейді. Тек арада 10 жыл өткенде ғана неміс концерні алғашқы автокөліктерін жасауды бастады.

2. Mitsubishi

1870 жылы Янтару Ивасаки кемені жөндеумен және жасаумен айналысатын зауыттың негізін қалады. Сонымен қатар, бұл компания су көлігіне арналған көмірді өндірген. 1918 жылдан бастап әуе кемелерін шығарумен айналысты. Уақыт өте «Mitsubishi Shokai» өзінің көліктерімен әлемге танылды.

3. Lamborghini

Ферруччо Ламборгини трактор жасаумен айналысатын зауытын 1948 жылы ашқан. Тракторға қажетті қосалқы бөлшекті әскери көліктерден алып отырған. Тек 1963 жылы ғана Lamborghini спорттық көліктер өндірісіне бет бұрды.

4. Peugeot 

Пежо өндірісі сонау 1700 жылы бастау алған. Алғашында таза өндіріспен айналысқан зауыт бір жарым ғасыр өткеннен соң киім тігуді қолға алады. Тек ХIХ ғасырдың соңында Peugeot алғашқы көліктерін нарыққа шығарды.

5. Skoda

Чех компаниясы жұмысын 1895 жылы велосипед жасаудан бастаған. Төрт жыл өткеннен соң мотоцикл, ал 1905 жылы көлік жасауға көшті.