Тарихты зыр жүгірткен – дөңгелектер

Адамзаттың барлық жаратылыстан артықшылығы – ой қорытуы мен барлық нәрсені өз еркіне бағындыруға ұмтылғандығында. Мысалы, "айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызу", ауырды жеңіл, қиынды оңай қылу жолында өте көп ізденді.

 

Осы үшін төрт түлік малды, итті, бұғы сынды тағы басқа жан-жануарды қолға үйретіп, өз мақсатына пайдаланды. Бірте-бірте бұған да қанағаттанбай дөңгелекті ойлап тапты. Бір сөзбен айтқанда қазір біз пайдаланатын, қызметіне үнемі мұқтаж болатын түрлі велосипед, мопед, мотоцикл, автомобиль, трамвай-троллейбус, автобус, еңбек құралдары, жазу-сызу машиналары, ақпарат технологиясы, гаджеттер қысқасы көптеген технологиялардың жаратылуына түрткі болды. 

 

Қарапайым ағаштың шарапаты 

 

Дөңгелек міндетін алғашқыда үлкен жүктің астына қойылатын ағаштар өтеген. Олардан 6 мың жыл бұрын месопотамиялықтар армансыз пайдаланған. Эрамыздан бұрынғы XV-XIV ғасырларда кепкен ағаштан жасалған дөңгелектер пайда болды. Оларды зембілдерде, жел диірмендерінде қолданды. Орта Азия, Мысыр, Қытай және Үндістанда егін осы дөңгелектің көмегімен суғарылған. Кейін дөңгелектің темір түрі өмірге келді. Осыдан соң екі дөңгелек ортасына ұзын ағаш орналастырылған арбаның алғашқы нұсқасы пайда бола бастады. Бұл құлдардың ауырын жеңілдетті. Кейін ағаш арбалар соғыс жағдайында пайдаланыла бастады. 

Кейбір мәліметтерге қарағанда, заманымыздан бұрынғы VIII ғасырда Қытай жерінде арбалар пайда бола бастаса, Қазақстан жеріндегі арий, турлар, сақтар эрамыздан бұрынғы V-II ғасырларда арбаларды көшпелі киіз үйлерде қолданған. Осыдан 500-600 жыл бұрын болса төрт дөңгелекті арбалар көмегімен пошта, банк қызметтері орындалған. Орта ғасырда грек аңызындағы екі аяқты күймеден құлап өлген Гелиостың ұлы Фаэтон атымен аталатын арбаларда жолаушылар тасымалдана бастады. 


Әлбетте, уақыт өткен сайын адамдар арасындағы қарым-қатынас кеңейіп арбалардың дамуына түрткі болды. Бұл жаңалық үстінде белгиялық астроном Фердинанд Вербист қытайдың көне жазбаларындағы ерекше, өзі қозғалатын машина жайлы аңыздан шабыттанып, сумен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар алғашқы автомобильді (бұл атау грекше “autos – “өзі”, латынша “mobilis” – “қозғалушы” сөздерінен алынған) 1668 жылы ойлап тапты. Бу машинаның тоқтаусыз істейтін нұсқасын 1763 жылы ресейлік И.Ползунов жасап шықса, арада 21 жыл өтіп ағылшын инженері Джеймс Уатт оның жетілген түрін көпшілікке ұсынды. 


Машина жасау жарысының қызғаны сондай франциялық әскери инженер Никола Жозеф Кюньо да бұл өнертабыс үстінде біраз жұмыстар атқарып, ақырында 1870 жылы соғыс кезінде зеңбірек оғын таситын үш аяқты бу машинасын жасап шығарды. Бұл көлік соншалықты әмбебап болмаса да ауыр жүкті 4-5 шақырым жерге бір сағатта жеткізе алатын. Көп өтпей ағылшындық өнертапқыш Ричард Тревитник сегіз орындықты алғашқы автобусты жасады. 


ХIХ ғасырдың өзінде-ақ аккумулятормен қозғалатын электр көлігін жасау үстінде біраз тәжірибелер өткізілген. Қала берді ағылшындық инженер-механик, темір жолдың атасы саналатын Джордж Стефенсон және ресейлік әкелі-балалы Черепановтар алғашқы паравоздарды өмірге әкелді. 


Көліктердің дамуына әсіресе, неміс инженерлері өте көп үлес қосқан. Солардың бірі – кәсіпкер, инженер Готтлиб Даймлер. Ол 1883 жылы поршені әр минутта 600 рет айналатын қозғалтқыш жасап шығарды. Осыдан соң бензинде істейтін ықшам қозғалтқышты мотоциклге орнатып ізденіс аясын кеңейтті. Мангейм қаласында шағын фабрикасы бар Карл Бенц болса, сағатына 15-16 шақырым жүретін жылдам машиналарды (сол кездегі машиналар үшін үлкен жылдамдық) алғаш болып жасады. Міне, осылай біз мініп жүретін ұшқыр темір тұлпарлардың негізі қалана бастады. 

 


Енді артқа сәл шегініс жасайық. "Медальдың екі беті бар" дегендей, алғашқы машиналар жиі-жиі апатқа ұшырап тұрған. Орта ғасырда ғалымдардың өзін қаймықпай отқа өртеген қоғамға олардың өнертабыстары сөз болып па? Машиналарды жамандық әкелуші құрылғы ретінде жиі өртеді, үстіне қышқыл (кислота) септі, таспен ұрды. Бірақ уақыт өз дегенін істеді... 

Резиналы дөңгелектің пайда болуы 

Әлқисса, адамзат санасының жетілуі себепті машиналар керуендерді нарықтан сырып тастады. Әмбебап қасиеттерінің арқасында көлік адамның ажырамас досына айналды. Темір тұлпарлар халық арасында кеңінен қолданыла бастағанда жолдар қазіргідей теп-тегіс болған жоқ. Сол үшін де темір дөңгелектер тез жарамсыз хәлге түсетін. Олар жүріп өткен жерін шаңға көміп кеткеннен бөлек, ой-шұқыры көп жолдардан тынымсыз секіре беріп, жолаушыға да, жүргізушіге да қолайсыздық тудыратын. Тынымсыз сілкіністен машинаның өзі тез бұзылып қалатын. 


Осы кемшіліктердің орнын толтыру инженерлерге жүктелген міндет еді. Бір қызығы, мұны алғаш болып инженерлер емес, Ирландияның Белфаст қаласында тұратын мал дәрігері Джон Данлоп жасап шығарды. Оның өзі кездейсоқ болған оқиға. 

Бір күні ол он жасар баласының велосипед теуіп жүргенін көреді. Темір дөңгелектер ауыр болғасын жерге кіріп, нәтижесінде ұлы оны жүргізуге қиналып жатқанын байқайды. Мұны жеңілдету мақсатында темір дөңгелек сыртына жұмсақ мата қаптасам қайтеді деген мақсатпен, мата қаптайды. Сыртына бақша суаратын резинаны кигізеді де, оны мықтап шегелейді. Ішіне темір түтікше арқылы ауа жібереді. Нәтижесінде топыраққа батпайтын, жеңіл жүретін велосипед дөңгелегі пайда болады. Осылай Данлоп өзі сезбеген жағдайда әлемнің дамуына әсер ететін жаңалық ойлап табады. 1888 жылдың 23 шілдесінде Дж. Данлопқа ойлап тапқан жаңалығы жөнінде №10607 патент берілді. 

1889 жылдың маусымында Белфаст стадионында Уильям Хьюм велосипед жарысында дөңгелегіне орнатылған пневматикалық шиналармен қатысып, үш айналымның үшеуінде де жеңімпаз болып шықты. Бұл Данлоптың пневматикалық шиналары еді. Мұның болашағы зор екенін сезген инвестор Дю Кросс Данлоптың патентін сатып алып, екеуі бірігіп, жылына мың дана резиналы дөңгелек шығаратын "Dunlop Tyres" компаниясының негізін қалайды. 

Осылай жаңа дөңгелектерді шығару басқа мемлекеттерде де қолға алына бастайды. Мысалы, франциялық ағалы-інілі Франсуа мен Эдуард Мишлендер дөңгелектерге резинаны орнату кезінде шегелерден емес, оны оңай орнатып, оңай шешіп алатын болттардан пайдалану идеясын алға қояды. Соның арқасында кейін "Michelin" компаниясының негізін қалайды.


Уақыт өте дөңгелектердің сапасы артты. Покрышка мен дискі ортасында ауа болу үшін оған резиналы камералар орнатылды. Енді дөңгелек "сауытын" ауыстыруға бар-жоғы 1 минут 15 секунд кететін болды. 

 

Қазірде Германия, Италия, АҚШ және Ресейдің “Continental”, “Pirelli”, “Good Year”, “Треугольник” фирмалары сапалы дөңгелек шығаруда алдыларына жан салмайды. Ал алғаш пайда болған Данлоп болса,  негізінен джиптерге арнап шиналар шығарады.