Таир Балбаев токпен жүретін көлік жасады

Таир Балбаев токпен жүретін көлік жасады
Фото: zhasorken.kz

Қазақстанда электр тогымен жүретін алғашқы электромобиль құрастырылғанын білесіңдер ме? Ол əлемдегі «Tesla» көлігінің отандық баламасы. Оны Таир Балбаев есімді азамат құрастырып, қазіргі уақытта сатылымға шығаруға дайындап отыр. Бағасы да қымбат емес көрінеді. Жанармай құймай, телефон секілді токқа жалғап қуаттандырасың да жүре бересің. Шынымен де керемет емес пе?! «Ақжелкендік» оқырмандар үшін Таир Балбаев шаруабастылығына қарамастан, арнайы сұхбат берді.

– Таир мырза, токпен жүретін көлік ойлап табу туралы идея қайдан келді?

– Мен баяғыдан электрокөліктермен «ауыратын» едім. Соларды қатты ұнатып, кішкене модельдерін де жинайтынмын. Жасап шығарғым келетін, бірақ бұның барлығы тек сөз күйінде қалатын. Осыдан 1,5-2 жыл бұрын аяқ астынан арманымды іске асырғым келіп, команда жинадым да машинаны жасауға кірісіп кеттім. Шынын айтсам, барлығы аяқ астынан болды. Осы кезде маған көптен бері керек болып жүрген электромоторлар мен электробатареялар да табыла кетті. Бұған дейін де моторлар болды, бірақ олар дəл қазіргідей қуатты əрі жеңіл емес еді. Ал идея бала күнімдегі «жанармай құймай-ақ, токпен жүретін машина болса ғой» деген арманнан қанаттанған да болар, бəлкім.

– Қандай да бір істі бастар кезде бізге мықты команда керек. Айналамызда өзіміз сенімартатын адамдар болмаса, шаруа аяғы тұрмақ, ортасына да жетпей қалып жатады. Өзіңізге керек адамдарды қайдан таптыңыз? Команда жинау қиын ба?

– Мен барлық адамдар секілді ең алдымен өзімнің таныстарымның арасынан қарастыра бастадым. Жақын деген достарыма айтып едім, мені мазақ қылғандай болды. Арасында тек өзім дегендер ғана құптап, қолтығымнан демеген еді. Сосын адамдарды ғаламтор арқылы да іздестірдім. Бірақ, бұдан да нəтиже шықпады. Барлығы сөз жүзінде біледі де, іске келгенде шабан болып шығады. Қолдарынан түк келмейтін, тек қана ауызбен орақ оратындардың көп екенін байқадым. Шыны керек, адамдардың мінездері де, өзіндік талғамдары да əртүрлі ғой. Осы тұрғыдан да қиындықтар көрдім. Ал өз ісін білетін адамдарды айналып келіп, өзіме жақын адамдардан тауып, солармен бірігіп жұмыс істеп кеттік.

– Сіздің жасап шығарған электр көлігіңіз əлемдегі сондай көліктерден несімен ерекшеленеді?

«Tesla» көліктерінің шығарушыларында мықты инвесторлар бар. Олар негізінен осы салаға бейімделген. Десе де, біз де олардан қалыспай, өзіміздікін жасап шығардық. Біздікі де өзінің аналогынан артық болмаса кем емес екенін дəлелдейтін болады. Көлікті 5 сағатқа ток көзімен қуаттандырасыз да, 200 шақырым жолды еш қиналмай-ақ жүріп өтесіз. Бұл қым-қуыт қала тіршілігі үшін таптырмайтын көлік болатынына сенемін. Біздің көліктер негізінен спорттық жарыстарға арналған. Ол алғашқы секундтардың өзінде 100 км/сағ жылдамдыққа дейін жете алады. Бұл заманауи спорттар үшін ең керекті мүмкіндік.

– 200 шақырым деп қалдыңыз. Бұл көп пе, аз ба?

– Аз, əрине. Бірақ, бастапқы кез үшін жаман емес деп ойлаймыз.

– Бар-жоғы 5 сағат қана қуаттанатын көліктер қыста қалай жұмыс жасайды? Суыққа қаншалықты төзімді? Сосын қанша ток жейді?

11894842_915641335144391_2070581380_o

– Көліктің батареялары арнайы Қазақстан үшін жасалған. 200 С аязды көтере алады. Ал Астана үшін қосалқы қыздыру жүйесі қарастырылған. Аккумулятор өздігінен жылытылып, жұмыс істейтін болады. Үйдегі тоңазытқыш 5 сағатта қанша ток жесе, бұл көлік те сондай тоқ тартады.

– Мемлекет тарапынан қандай қолдау көріп отырсыздар?

– Əзірге ешқандай көмек көріп отырған жоқпыз. Қазіргі кезде біздің мамандар мемлекеттік гранттарға құжаттар дайындап жатыр. Үкімет қолдайды деген үміттеміз.

– Дағдарысты қалай еңсермексіздер?

– Біз бұл жайында ойластырып қойғанбыз. Алдағы бірнеше жылға деген өзіміздің жоспарымыз да бар. Дағдарыс – жаңа мүмкіндіктер мен биіктерді бағындыру мүмкіндігі екенін ескерсек, сол мүмкіндігімізді жіберіп алмауға тырысамыз.

«EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қатысу ойыңызда бар ма?

– Əрине. Біздің елде осындай керемет мүмкіндік туып тұрғанда неге пайдаланбасқа?! Міндетті түрде қатысамыз. Қазіргі уақытта біздің екінші көлігіміз де дайын болып қалды. Бұл күнделікті қолданысқа арналған қарапайым құрылысты электр көлігі. Бұл көлік əмбебап платформа негізінде, экономкласс санатында дайындалды. Бірер айдан кейін көшелерден көріп қалуларыңыз ғажап емес.

– Енді электрокөліктің дизайны жайында айта кетсеңіз…

– Көліктің дизайн авторы Венгрия азаматы. Жүрегі «қазақ» деп соғады. Бұл елде негізінен техникалық мəдениет жақсы дамығанын ескерсек, біз бұл елдің азаматының дизайнын таңдаға- нымызға өкінбейміз деген ойдамыз.

– Бұл көліктің аты бар ма?

– Əзірге оған ат қоймадық. Біз үшін қазір оның аты емес, оның тəжірибе мен тұрмыстық жағдайда жүріп, тұтынушылардың ойынан шығуы маңызды болып тұр.

– «Атауы жоқ көлік» қайда құрастырылады жəне кімдер құрастырып жатыр?

– «Атауы жоқ көлік» осы Алматының іргесіндегі бұрынғы «Киров» зауытының аумағында құрастырылады. Ол жерде бес құрастырушы маман бар. Мамандарымыз негізінен Қазақстан азаматтары. Біразы шет елдерде оқып келіп, қалғандарын үйретіп алды. Олар көлікті күн-түн демей құрастырып жатыр.

442X1616

– Көлікті құрастыру барысында отандық құрылғылар қолданыла ма?

– Əрине, көліктің «рамасы», негізгі «кузовы» қарағандылық металдан құрастырылады. Оның əйнектері мен ішкі интерьері де біздің өнімдер. Өкінішке қарай, аккумулятор, моторларды шет елдерден алуға мəжбүрміз. Бұл заттар біздің елде шығарылмайды.

– Отандық электрокөлікті қашан көре аламыз жəне бағасы қанша болады?

– Құдай қаласа, өте жақын арада жалпыға бірдей қолжетімді болады. Қазір соңғы элементтері ғана қалды. Айтпақшы, жақында «Əлемді электр көлігімен 80 күнде» атты электромобильдердің жарысы болады. Біздің көлік осы жарысқа міндетті түрде шығатын болады. Бағасына келер болсақ, халықтың қолы жететіндей, шамамен 2-2,5 миллион теңге көлемінде болады деп жоспарлап отырмыз.

– Көлік құрастырғанға дейін немен айналыстыңыз?

– Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетін бітіргенмін. Оқуды бітіре сала бір компанияға жұмысқа тұрып, бір жылдай ғана жұмыс жасадым. Сосын өзімнің кəсібімді аштым. Одан кейін кеден саласында істедім. Кейін шұжық, ірімшік, ет өнімдерін жасайтын шағын кəсіпті ашып, дамыттым. Біраз уақыт өте келе теңіз өнімдері мен ет өнімдерін шет елдерден тасымалдаумен айналыстым. Бұл көлік жасағанға дейін істеген жұмыстарым. Сосын болашақтың басқа нəрседе екенін түсіндім. Біреудің дайын асына тік қасық болғанша, біреудің дайын өнімін таратқанша, өз өнімімді шығарсам дедім. Содан ойлана келе электр көлігін жасап көрсем деген ой келді, бар ақшамды осыған салдым. Мен бұдан бас тартқым келмейді. Аяғына дейін апарамын. Өйткені, электр көлігін құрастыру менің көптен бергі арманым болатын.

– Болашақтағы жоспарларыңыз қандай?

– Болашақта біз көлік жасау ауқымын ұлғайтып, отандық самокаттар мен кішкентай мопедтерді, электробустарды шығарсақ дейміз. «Жасыл экономиканы» қолдайтын дүниелерді көптеп шығарғымыз келеді. Компанияның өскенін қалаймын.

– Біздің оқырмандарға айтар ағалық кеңесіңіз қандай?

– Дайын ойыншықтар мен дайын дүниелерді сатып алғанша, құрастырылатын ойыншықтар алып, өздері құрастырып үйренсін. Егер көп құрастырса, бала өзін-өзі дамытады. Армандарына қанат бітіреді. Сол құрастырған дүниелері арқылы қиялдайды. Өздеріңнің қиялдарыңдағы армандарыңа қарай нық қадаммен жүріңдер. Сонда сендерден керемет ғалым, керемет тұлға шығады. Ең бастысы, еңбек ету керек.

– Əңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз табысты болсын.

  Думан ДУБЕКҰЛЫ

zhasorken.kz 

B. ZHAQSYMBET