- Негізгі бет
- Авто
- Сарапшылардың 2016 жылғы...
Сарапшылардың 2016 жылғы автонарығына болжамы
Сарапшылар 2016 жылы Қазақстанда автомобиль нарығындағы жағдайдың қандай болатынын болжады. Қазақстан Тәуелсіз автобизнес одағы басқармасының мүшесі Мақсат Мейірманов пен Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лавреньтев автомобиль нарығына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Мейірмановтың айтуынша, өтіп бара жатқан жыл отандық автонарық үшін жақсы болмаған. Оған рубльдің арзандауынан Ресейде автомобиль бағасының төмендеуі, Қазақстанда доллар бағамының көтерілуі себеп болған. Ол жаңа автомобиль нарығында отандық өндірушілер мен ресми алыпсатарлар енді бағаны ұстап тұра алмайтынын жеткізді.
"Өндірушілер автомобильдердің қосалқы бөлшектерін сырттан доллармен сатып алады. Осыған байланысты автомобильдің де бағасы қымбаттайды. Әрине, отандық өндірушілер жұмысшылардың жалақысы, ресурс үнемдеу есептерінен бағаны арзандатуы мүмкін. Дегенмен бұл 20 пайызына ғана қатысты, қалған 80 пайызы бағаны бәрібір көтереді. Сондықтан да ғажайыпты күтудің қажеті жоқ, автомобильдің бағасы өседі. Дегенмен де баға доллардың бағамына тікелей байланысты болады", − деді ол.
"Шетелден пайдаланылған автомобильді әкелу тиімсіз болып қалады. Сонда тек жергілікті өндірушілер мен ресми импорттаушылар қалады. Қалғандары біртіндеп нарықтан ығыса бастайды", − деді Мейірманов.
Сарапшының мәліметінше, автомобильдердің сатылу мөлшерінің азаюына келесі шылы ДСҰ-ға мүше болып кіру ғана тойтарыс беруі мүмкін. "Жалақыны индекстеу мен бағаның өсуінен көлік сатып алу көлемі азаятыны сөзсіз. Қарызға алу бәрібір ұлғаяды, ал қарыз алушылардың жалақысы бұрынғы күйінде қалады. Қазір автомобильді елге қосымша құн салығын төлеу арқылы ғана әкелу мүмкін болса, келесі жылдан бастап оған тіркеуге алу және қалдықтарды жинау үшін де ақы төлеуге тура келеді. Осыдан кейін автомомбильдердің бағасы қалай өзгеретіні әзірше белгісіз", − деді ол. Сарапшы 2016 жылы сату көлемі 90-нан 60 пайызға дейін төмендеу болжамы тексеріліп жатқанын айтты. Мақсат Мейірманов автомобиль сатып алғысы келетіндерге асығуға кеңес берді.
Қазақстан Автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев Мақсат Мейірмановтың кейбір пікірлерімен келісетінін жеткізді. Ол да қазір автомобиль сатып алуға ыңғайлы уақыт екенін алға тартты. "Нарықтың құлдырау кезеңінде сатқан дұрыс емес. Бағаның тұрақталғанын күту керек. Мұндай баға әлі жарты жыл сақталады, содан кейін ғана өзгереді", − деді сарапшы.
Ол Қазақстанда жаңа автомобильдер бағасы қымбаттайтынын болжады. Оның айтуынша, қазір нарықта баға қатты өзгеріп жатыр. "Бірдей автомобильдің өзін түрлі бағада сатып алуға болады. Келесі жылы баға шарықтайды. Қазір былтырғыдан қалған көліктер сатылып жатыр, 2016 жылдың ортасында олар таусылып, жаңа автомобильдер жаңа бағамен келеді. Сондықтан да олардың бағасы 5-7 пайызға өседі. Осыдан кейін баға тұрақталып, бір жыл бойы сақталады", − деді Лаврентьев.
Сарапшы қайталама нарық туралы айта келіп, жаңа жылдан бастап Евро-5 экостандарты бойынша шектеулер енгізілуі мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан да пайдаланылған автомобильдерді елге әкелу енді қысқартылады. Ол 2016 жылы сатылым көлемі 75 мың авто болатынын болжады. Ол осылардың 35 пайызы отандық өнім болады деп үміттенетінін жеткізді.
Дереккөз: tengrinews
С. Ерсін