Ұлыбританиядағы What Car порталы мінілген көліктер арасындағы ең мықтыларын анықтады. Сауалнама бойынша ең үздік 10 автокөлік тізімі жасалды.
Портал жүргізген сауалнамаға 4 пен 10 жыл арасында көлік айдаған 18 мың жүргізуші қатысқан. Олар өз көліктерінің артықшылықтары мен кемшіліктерін айтқан. Нәтижесінде мінілген көліктер арасында ең сенімді, көп бұзыла бермейтін темір тұлпарлар белгілі болған. Ол қандай көліктер екен?
10. Volkswagen Touareg (2010–2018)
Бұл автокөлікті мінетіндер аса көп шағымданбаған. Көп бұзылмайтынын айтқан. Тек кей керек-жарағына көбірек шығындануға тура келеді екен.
9. Honda Jazz (2008 - 2015)
Жапон жеңіл көлігін айдайтындардың 3%-ы ғана өз көліктерінің жайсыз екенін айтқан. Ең көп шағымданатын тұсы - жерсеріктік навигация.
8. Honda CR-V (2012 - 2018)
Honda CR-V ескі болса да, мінілген көліктер арасында ең мықтылары қатарында.
7. Honda Civic дизель (2012 - 2017)
Honda компаниясы шығаратын тағы бір көлік маркасы үздіктер қатарынан табылған. Жүргізушілер дизельмен жүретін Civic нұсқасын мықты санаған.
6. Lexus RX (2009 - 2016)
Lexus ең шыдамды автокөліктер қатарынан түскен емес. Сауалнамаға қатысқан жүргізушілер 2009-2016 жылдар аралығында шыққан RX нұсқасына көбірек сенім білдірген.
5. Seat Leon (2013 - қазірге дейін)
Seat Leon - отбасылық хэтчбек автокөліктер арасында үздігі.
4. Mitsubishi ASX (2010 - қазірге дейін)
Бұл автокөлікке жаңа кезінде 3 жылға дейін арнайы кепіл бар. Мінілгендері де шыдамды келеді екен. Жүргізушілер ең жақсы жабдықталған автокөлік деп баға берген.
3. Audi Q3 (2011 - 2018)
Мінілген көліктер арасында үздік үштікке Audi Q3 енген. Бензинмен жүретін түрлерінде қозғалтқышы көп бұзыла бермейді екен. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарына да көп қаржы шығындамауға болады.
2. Lexus CT (2011 - қазірге дейін)
Егер ұзақ уақыт бір көлікті тізгіндеу керек болса, онда жүргізушілер Lexus CТ темір тұлпарын таңдауға кеңес берген. Экологиялық тұрғыдан да таза автокөліктердің бірі.
1. Toyota Yaris (2011 - қазірге дейін)
Британиялық автокөлік жүргізушілері үздік деп танығаны - Toyota Yaris. Бұл автокөлікті мініп жүргендердің барлығы дерлік ешбір шағым айтпаған.