Кішкентай көлік BMW-ны банкрот болудан қалай құтқарды?

1955 жылы BMW итальяндар құрастырған екі орынды шағын автокөлік шығара бастады. Бұл көліктер компанияны банкрот болудан құтқарды. Сол кезде көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болған көлік – Isetta болатын.

1950 жылдар неміс автоөндірушілері үшін қиын кезең еді. Екінші дүниежүзілік соғыста барлық зауыттар әуе соққысынан қирап қалды. Оларды қалпына келтіріп, жаңадан бастауға көп күш қажет еді.

Неміс автоөндірушілерінің қиын жағдайы олармен бәсекеге түскен АҚШ, Ұлыбритания және Францияның автомобиль өнеркәсібінің дамуына әкелді. Енді немістерге бәсекелестеріне төтеп беру үшін жаңа көлік шығару күн тәртібінде тұрды. Соның ішінде BMW-да бар еді.

Мюнхендегі BMW штаб-пәтері / © autoconsulting.com.ua

BMW әрқашан сапаға қатты көңіл бөлетін автомобильдер шығарды. Компания көліктерін қалтасы қалыңдар сатып алатын, олардың арасында орта таптың қалтасы көтеретін арзан көлік болған жоқ. Соғыс салдарынан жағдай өзгерді. Себебі, адамдар қымбат көлікті сатып ала алмайтын.

©iedeiblog.com

Осыдан кейін компания қоғамның барлық тобы үшін қолжетімді және шығыны аз көліктер шығара бастады және бұл жұмыс BMW-ны банкрот болудан құтқарды.

Компанияның қысқаша тарихы

BMW негізін 1916 жылы Карл Фридрих Рапп қалады. 1917 жылы ресми түрде тіркелді. Компания атауы Bayerische Motoren Werke AG (Бавариялық мотор зауыты) аббревиатурасынан алынған. Автомобильдерден басқа компания авиация және автомобиль өнеркәсібі үшін қозғалтқыштар мен мотоциклдер шығарды. Кейінірек КСРО-да жасалған "Урал" және "Днепр" мотоциклдері де BMW-ның өнімі болды. Қала берді, Кеңес өкіметі BMW R71 мотоциклін рұқсатсыз шығарды.

BMW R71 \ © drive2

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін BMW неміс автоөндірушілерінің арасында ең қиын жағдайға тап болды. Компанияның бес негізгі зауытының төртеуі Кеңес Одағының бақылауында болған Шығыс Германияда орналасқан болатын. Сондықтан компания оларға үміт артты. Батыс Германиядағы жалғыз зауыт та әуе соққыларынан толығымен жойылған еді.

Соғыс кезінде қираған BMW зауыты  / © w2.zoomit.ir

Компания 1947 жылы одақтас елдерден (АҚШ, Франция және Ұлыбритания) жұмыс істеуге рұқсат алып, Батыс Германиядағы зауытты қайта құруды бастады. Бірақ бәрін басынан бастау қиын еді. Оның үстіне басқа автомобиль компанияларымен бәсекелесу оңай болған жоқ. Бұл жағдайда компания банкротт болудың алдында тұрды.

Үміт

1951 жылы компания соғыстан кейінгі алғашқы үлгіні - BMW 501 шығарды. Бұл көліктің бағасының қымбат болғаны сонша, соғыстан әбден қалжыраған неміс халқының қымбат көлік сатып алуға ақшасы жоқ еді. Сондықтан BMW 501 соншалықты кең таралмады.

BMW 501 / © picturehistory

Дәл осы жерде компания басшылығы банкротқа ұшырамау үшін тартымды, үнемді және бағасы қолжетімді көлік шығару керек екенін түсінеді.

1954 жылы Женева автосалонында таныстырылған италья автоөндірушілері шығарған екі орынды Isetta BMW басшылығының назарын аударды. Бұл көлік ықшам, үнемді және қалалық жағдайларға өте қолайлы болды.

Iso Isetta / © youngheaven.us

Осыдан кейін компания осы модельді шығаруға лицензиясын сатып алу мәселесін талқылайды.

Isetta

1950 жылдардың басында тұрмыстық техника мен мотороллер өндіруші итальяндық Iso SpA компаниясы автокөлік шығаруды жоспарлады. Компания басшысы Риволта Рентсо көліктің жинақы әрі үнемді болуын талап етеді. Осылайша компанияның екі инженері басшының талабына сай автокөлік жобасын жасайды.

Олар жасаған көлік скутерден сәл ғана ерекшеленді. Бірақ оның мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары еді. Автокөлік 9,5 ат күшіне ие отын үнемдейтін қозғалтқышы бар екі орынды болды. Итальяндар жаңа көлікті компания атымен үндестіре – "Iso Isetta"  деп атады.

© pikabu.ru

Итальян компаниясының қаржылық мүмкіндігі аса жоғары болған жоқ. Сондықтан олар шағын көлік лицензиясын сатуды шешеді.

1954 жылы француздың VELAM компаниясы итальяндардан Iso Isettaны  өндіруге лицензия сатып алды. Көп ұзамай француздар көлікті пайдалану құқығын BMW-ға сатты. 1955 жылы лицензия бразилиялықтарға да сатылды.

Осылайша, бұл шағын көлік Францияда VELAM Isetta, Батыс Германияда BMW Isetta және Бразилияда Romi-Isetta атауларымен шығарылады.

1955 жылы BMW Исеттаның корпусын пайдалануды өз қолына алған кезде, ол оны 13 ат күшіне тең қозғалтқышпен шығара бастады. Көп өтпей BMW Isetta ГФР тұрғындарының сүйікті көлігіне айналады. Автокөлік, әсіресе қала тұрғындары арасында тез танымал болды. Темір тұлпар үнемді, жинақы және арзан еді. Ол кезде оның бағасы 2650-2710 марка тұратын.

1956 жылы Суэц каналында қақтығыс басталды. Мысыр президенті Джамал Абдул Насер Ұлыбритания мен Франциядан канал үлесін тартып алады. Ақыры соғыс басталып, канал жабылады. Осыдан кейін Еуропа елдерінде жанармай дағдарысы басталады. Бұл автокөлік өндіруші BMW-ға пайда әкеледі және BMW Isetta-ға сұраныс күрт өседі. Компания жақсы табыс таба бастайды.

1964 жылға қарай BMW 160 мың BMW Isetta сатады. Бұл сол кезең үшін жақсы нәтиже еді. Компанияның сол кездегі бәсекелестері үлкен, жанармай үнемдемейтін көліктер шығаратын. Көп ұзамай BMW Исеттаның 3 есікті, 4 орынды көлігіне ауысты және ыңғайлылығы жағынан бәсекелестер шығарған қымбат көліктерден қалыс қалған жоқ.

 BMW Isetta 600 / © bonhams.com

Сегіз жыл бойы Исетта үш түрлі көріністе шығарылды. Олардың 1 есікті, 2 орынды нұсқасы BMW Isetta 250, BMW Isetta 300, 3 есікті, 4 орынды BMW Isetta 600 атауларымен сатылады. Сол кездегі BMW Исеттаның ең басты ерекшелігі есіктегі руль болды. Яғни, кішкентай көліктің жалғыз есігі оның алдыңғы жағына орнатылып, оған руль бекітілген еді.

BMW Isetta бәсекелестері

Өткен ғасырдың 50-жылдарында Isetta автомобильдері жинақылығы мен үнемділігі бойынша жалғыз көлік емес еді. Бұл көлік түрін басқа да бірқатар автомобиль компаниялары шығарды. Олардың ішінде ең танымалы Volkswagen Beetle болды. Volkswagen Beetle автокөлік әуесқойлары арасында "қоңыз" ретінде танымал.

Volkswagen Beetle / © motorious.com

Фольксваген 1938 жылы осы шағын көлікті шығаруды бастады. Соғыстан кейін Фольксваген осы "қоңыздың" арқасында аяғынан тік тұрды. Бұл көлік 2003 жылға дейін шығарылды, кейін жаңа дизайнға ауыстырылды.

Соғыстан кейінгі BMW Isetta-ның тағы бір бәсекелесі 1948 жылдан бері француздың Citroën компаниясы шығарған Citroën 2CV болды. Бұл машинаның құны төмен болғандықтан, әсіресе орта және төменгі таптағы француздар арасында өте танымал болатын. Citroën 2CV 1990 жылға дейін шығарылды.

Citroën 2CV / © hdd-motors.at

Messerschmitt KR200 Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс армиясын ұшақтармен қамтамасыз еткен Messerschmitt компаниясының өнімі болды. Соғыс аяқталған соң одақтастар компанияға ұшақ шығаруға тыйым салады. Осыдан кейін Messerschmitt мүгедектерге арналған мотоцикл, скутер және арбалар шығаруды қолға алды.

Көп ұзамай компания үш аяқты Messerschmitt KR200 – кабиналы скутерлерді шығаруды бастады. Бұл скутерлер соғыстан кейін экономикалық жағдайы жақсы емес көптеген адамдар үшін үнемді көлік ретінде қызмет етеді.

Messerschmitt KR200 / © Motor Globe

Бұл скутердің сыртқы түрі машинаға ұқсайтын. Messerschmitt KR200 1955 жылдан 1964 жылға дейін шығарылды. Messerschmitt 1956 жылы ұшақты қайтадан шығаруға рұқсат алды. Содан кейін компания Messerschmitt KR200 өндіріс блогын сатады. 1962 жылдан бастап Messerschmitt KR200 сұранысы күрт төмендей бастады, ал 1964 жылы өндіріс тоқтатылды.

BMW Isetta техникалық сипаттамалары:

• Шығарылған жылы: 1955 (1953 жылдан Иса Исетта, 1954 жылдан ВЕЛАМ Исетта, 1955 жылдан Роми-Исетта);

• Шығарылған елі: Германия Федеративтік Республикасы (сонымен қатар Франция мен Бразилияда өндірілген)

• Платформа: Исо Исетта

• Корпус түрі: купе – 1 есікті, 2 орынды (1957 жылы 3 есікті және 4 орынды BMW Isetta 600 шығарған);

• Қозғалтқыштың қуаты: 13 (бензин) ат күшіне ие;

• Трансмиссиясы: механикалық қорабында - 4 - жылдамдық;

• Ұзындығы: - 2285 мм (BMW Isetta 600-де 2900 мм);

• Ені: 1380 мм (BMW Isetta 600-ден 1400 мм-ге дейін);

• Биіктігі: 1340 мм (BMW Isetta 600-де 1375 мм);

• Максималды жылдамдық: сағатына 85 км (BMW Isetta 600-де сағатына 100 км);

• Доңғалақ базасы: 1500 мм (BMW Isetta 600-де 1700 мм);

• Салмағы: 360 кг (BMW Isetta 600 салмағы 515 кг);

• Көліктің қозғалтқышы артқы жағында, ал есігі алдыңғы жағында болды. Руль есікке орнатылды.

BMW Isetta автокөліктерін сәтті сатудан кейін BMW банкроттықтан құтылып қана қоймайды, сонымен қатар жақсы пайда табады. BMW Isetta автокөліктері Германияда ғана емес, Еуропаның басқа елдерінде де сүйікті көлікке айналды. Сондықтан 1957 жылы BMW Ұлыбританияда  BMW Isetta автомобильдерін шығара бастады. 1958 жылы француз компаниясы VELAM Isetta шығаруды тоқтатқанда, BMW Isetta сатылымы қайтадан өсті.

BMW аяғынан тік тұрып кетті

BMW Isetta арқасында банкроттықтан аман қалған компания 1959 жылы BMW 700 шығара бастады. Бұл көлік 2 орынды және сыртқы түрі өте заманауи еді. Сондықтан ол да тез танымалдылыққа ие болады.

Компания алты жылдың ішінде шамамен 200 мың BMW 700 шығарып, сатады. Бұл көлік 1959 жылдан 1965 жылға дейін шығарылған. Қозғалтқыштың қуаты 32 ат күші және сағатына 125 шақырым жылдамдыққа жететін.

BMW 700 / © vijesti.me

BMW 700 "кішкентай көліктен" кейінгі компанияның ең жақсы жобасы болды. Осы үлгідегі автокөліктерді сәтті сатудан кейін BMW банкрот болу қаупінен толығымен құтылады.

© alamy.com

BMW бүгінгі заманда

Бүгінгі таңда BMW әлемдік автокөлік компанияларының арасында жетекші орын алады. Компания автомобильдерді өндіру және сату бойынша көшбасшы зауыттардың бірі. BMW модельдерінің көпшілігі қымбат және компания енді арзан көліктерді мүлдем шығармайды.

Бір ғана мысал, BMW 2021 жылы Mercedes-Benz және Tesla-ны басып озып, люкс көліктерінің сатылымы бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Компания сонымен қатар 2021 жылы 2,2 миллион көлік шығарды және жалпы есепте 10-шы орынды иеленді.

1950 жылдары банкрот болудың аз-ақ алдында тұрған компанияның кейінгі жылдардағы тауар айналымы 100 миллиард еуродан асады. Таза пайда 5-6 миллиард еуроға жетті. Бүгінгі таңда BMW-да 130 000-нан астам адам жұмыс істейді және 200 миллиард еуродан астам активтері бар.

BMW әлемдік автомобиль өнеркәсібінде өз орнын алғаннан кейін бірқатар компанияларды сатып алды. 1994 жылы ол британдық Rover Group компаниясын, ал 1998 жылы тағы бір атақты британдық Rolls-Royce Motors компаниясын өз меншігіне өткізді.