Автомобиль сарапшылары қоршаған ортаға зиянсыз автокөліктер рейтингін жариялады. Нью-Йоркте өткен «World Car of the Year» («Жыл автокөлігі») іс-шарасында «Toyota» компаниясының «Mirai» автокөлігі экологиялық тұрғыдан мінсіз деп танылды.
«Mirai» автокөлігі Еуропада 2015 жылдың қыркүйек айында таныстырылған болатын. Қазіргі таңда автокөлік Жапониядан өзге Ұлыбритания, Германия, Дания мен АҚШ-та сатылуда. Алдағы уақытта Бельгия, Нидерланд, Швеция мен Норвегияда сатылымға шықпақ. Әзірге нарықтағы бағасы толық тұрақтанған жоқ.
Қоршаған ортаға зиянсыз автокөліктер рейтингінде екінші орынды да «Toyota» компаниясының өнімі иеленді. Соңғы үлгідегі «Prius» автокөлігі де экологиялық тұрғыдан мінсіз деп танылды. Үштікті америкалық электрокар «Chevrolet Volt» түйіндеді.
Сондай-ақ, Нью-Йоркте өткен «World Car of the Year» («Жыл автокөлігі») іс-шарасында 2015 жылдың үздік автокөлігі де анықталды. Бұл атаққа «Mazda» компаниясының «MX-5 Miata» көлігі ие болды.
Өткен жылдың ең үздік автокөлігі атануға «Mercedes-Benz GLC-Class», «Audi A4 Avant» және «Audi A4» автокөліктері де үмітті болатын.